×

«Жастарға көрсетуіміз керек»: Түркістан облысының прокуратурасы 7,5 млн теңгенің картинасына түсініктеме берді

871 100 теңгеге 22 прокурордың портреті салынбақ

 Айнұр Шошаева 19.09.2022 | 17:26
Коллаж: Halyq Uni

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алулар порталындағы 7,5 млн теңгенің портретіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Еске сала кетейік, бүгін Ptotenge телеграм арнасында Түркістан облысының прокуратурасы 7,5 млн теңгеге прокурорлардың портретіне мемлекеттік сатып алу тапсырысын орналастырғанын жазған болатын. 

«Түркістан облысының прокуратурасы прокурорлардың портреттерін салуға  7,5 млн теңге жұмсайды. Бұл ақшаға Қазақстанның Бас прокурорлары мен аймақ прокурорларының 22 портреті салынады. Әр портреттің астында аты-жөні жазылған тақтайша болады. Сурет галереясы прокурорларға елдің ең кедей аймағында заңды жақсырақ бақылауға қалай көмектесетінін түсіндіруін нақтылағымыз келеді», – деп жазды арна. 

Облыстық қадағалаушы органның мәліметінше, расымен де картина салуға 7,5 млн теңге көзделген. 

«Облыс прокуратурасы Түркістан қаласының тарихи келбетін суреттеу үшін 7,5 млн.теңге жұмсау жоспарланғанын хабарлайды», – деген прокуратураның баспасөз қызметі сонымен қатар прокурорлардың да портреттерін салуға тағы 1 684 000 теңге жоспарланғанын хабарлады. Бұл сомаға Қазақстанның бас прокурорлары мен облыс прокурорларының 22 портреті салынбақ. 

Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, аталған бір картина мен 22 портретті салу туралы мемлекеттік сатып алудың жеңімпаздары анықталды. 

Өткізілген мемлекеттік сатып алулардың қорытындысы бойынша картина салуға 2 900 000 теңге, 22 портретті салуға 871 100 теңге сомасына жеңімпаздар анықталды. Мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы өнім берушілерге шарттардың жобалары жіберілді, – деп қосты қадағалаушы орган. 

Сонымен бірге, бұл тапсырыстың не үшін берілгені де белгілі болды. Атап айтқанда Түркістан облыстық прокуратурасы су жаңа картина мен экс және қазіргі прокурорлардың портреттерін өзінің музейіне қойылатынын мәлімдеді. Өлкенің тарихын бейнелейтін картина мен сала ардагерлерінің портреттері прокуратура органдарына жаңадан жұмысқа келген жас мамандарға үлгі болады деп есептейтінін жасырмады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама