Алданғандардың 35-і бұл күнге жете алмай, көз жұмған
Атышулы қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 16 мыңнан аса жәбірленушінің шығынын өтейтін болды. Алайда алданғандардың 35-і бұл күнге жете алмай, көз жұмған. Жалпы шығынның көлемі 30 миллиард теңгеден асады.
Көптеген жәбірленуші қаржы ұйымына миллиондаған ақшадан бөлек, пәтерлерін, қымбат көліктерін тапсырған. Енді олардың шығынын қылмыстық іс бойынша жазаға кесілгендер өтейтін болады.
16 301 жәбірленушінің азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды. 35 жәбірленушінің талап арыздары қайтыс болуларына байланысты және 99 талап арыз жәбірленушілердің өтініштері бойынша қараусыз қалдырылды, - деді Ақтөбе облыстық соты баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Әсем Ахмет.
Еске сала кетсек, бір айға жуық уақыт бұрын Ақтөбеде төрт бірдей қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға үкім кесілген еді. Қылмыстық іс бойынша 48 адам жазаланды. Оларға 7 жылдан 18 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.