«Үймен бірге 2 млн 600 мың теңгем жанып кетті» – Аманқарағай тұрғыны (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Тек бір әтеш пен итім ғана аман қалды дейді ол

Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында болған алапат өрттің салдарынан 43 мың гектар жер мен 91 үй күлге айналды. Қызыл жалын 2 орман алқабы мен Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы ауылдарына дейін жеткен. Әсіресе, Аманқарағай ауылы қатты зардап шегіп отыр. Ондағы 85 үй толық жанып кеткен.

«Сұрауы бар» ютуб арнасының тілшісі Құралай Пионер табиғи атап болған аймаққа барып, сондағы жұртпен тілдесіп, нәтижесінде «Өрттен кейінгі өмір. Әулиекөл» атты деректі фильм дайындады. Сондағы кейіпкердің бірі – аманқарағайлық тұрғын Жұмагүл Рахметова баспанасымен бірге жұмыртқа сатып жинап жүрген ақшасының да өртеніп кеткенін айтқан.

100 тауығым өліп қалды. Өзімнің бизнесім еді. Жинаған ақшаларым да өртеніп кетіп отыр. 2 млн 600 мың теңге. Өртенгеннен кейін алып шықтық. Төсектің астында қалған ғой. Соны өрт кезінде күйеуім таба алмады. Тек құжаттарды алып шыққан. Балам да таба алмады. «Мама, тыққан ақшаң қайда? Өрт болып жатыр, бітті бәрі, үйіміз жанып кетті», - деп ұлым бақырып жылап жүр. Ана жақта тұрып, мен жылап жатырмын. Күйген қалдығын үйде сақтап қойдым, - дейді кәсіпкер.

Енді ол күлге айналса да 2,6 млн теңгесінің қалдығын тастамақ емес. Купюраның кейбірінде сериялық нөмірлері сақталған, енді оның бір бөлігін болса да банк ауыстырып бере ме деген үмітте.

Міне, қалған ақшам. Көрсетейін. Күлі ғана қалған. Не істеймін енді, жылап-жылап қойдық. 10 мыңдықтан 2 млн 600 мың теңге болған. Банкке салмаған себебім, тағы да тауық алайын, жем керек деп сақтап қойғам ғой. Жұмыртқа сатып жинаған ақшам еді. Енді бас аман болсын деп отырмыз. 100 тауық қытқыттап жанып кетті. Тек бір әтеш пен итім ғана аман қалды. Ақсаңдап жүр, аяғы күйіп қалыпты. 14 қой болған. Оны күйеуім шығарып үлгеріпті, - деп жыламсырады Жұмагүл Рахметова.

Ол – үйі түгел жанып кеткендердің бірі. Қазір көршінің бос қалған баспанасында уақытша тұрып жатыр. Онда пеш жоқ. Сондықтан қыстауға жарамайды.

Қазір үйсіз қалған аманқарағайлықтарды көшіру үшін аудан орталығы – Әулиекөлде 91 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Рахметовтер де сонда барамыз деп отыр.