Halyq Uni логотип
×

Алматыда 4,4 млрд теңгеге жөнделген жол шұрық-тесік

Қоғамдық ұйым жариялаған әшкерені Алматы әкімдігі мойындамай отыр

 Ербол Тұрымбет 12.09.2022 | 16:06
Алматыда 4,4 млрд теңгеге жөнделген жол шұрық-тесік
Коллаж: Halyq Uni

Алматының қаласы Думан шағын ауданында жөнделіп жатқан жолдың жайы тексеруші органдарның назарына ілікті. Бір жерлерде кәріз құдығының беті ашық, тағы бір жерлері шұрық-тесік, асфальт беті шытынаған, жол белгілері көрінбейтін тұстары да жетерлік. Осы айғақтың бәрін «Әділдік жолы» РҚБ суретке түсіріп, шығарып беріп отыр. 

Қоғамдық ұйым дерегінше, әкімдік 2020 жылы «Жол» ЖШС-мен толық жөндеу жөнінде келісімшарт жасасады. Бірақ 2021 жылы тағы қосымша келісім жасалып, соның негізінде бюджеттен 4 442 407 763,25 теңге бөлініп, игерілген. Алайда онда түбегейлі жөндеудің өзі түгіл, ізі де көрінбейді.

Осы жайттардан соң бірлестік өкілдері тапсырыс беруші мен орындаушы, яғни әкімдік пен компания өкілдері өзара сыбайласқан болуы мүмкін деген күдік туындап отыр.

Алматы қалалық мобильділік басқармасы берген ресми жауабы бойынша, жол жөндеу барысын бірқатар мемлекеттік орган бақылап отыр. Оның үстіне, жолдан ақау шықса, мердігер ұйым нысанды пайдалануға бергеннен кейін 3 жыл ішінде өз қаражатымен жөндейді.

Думан шағын ауданындағы жолдарды түбегейлі жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Соған байланысты 4,4 млрд теңге көлемінде залал келтірілді деген пайым негізсіз деп есептейміз. Жоспар бойынша нысанды 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған, делінген әкімдіктің ресми жауабында. 

Бірақ республикалық бірлестік өкілдері әкімдік құйтұрқы жауап беріп отыр деп есептейді. Себебі құрылыс нысанын қабылдау жөніндегі №2 үлгідегі құжат толтырылмай, бір де бір тиын төленбеу керек. Ал бірлестік мәліметінше мердігерге 4,4 млрд теңге толық төленген. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстары әлі бітпеген дегені мүлде негізсіз екенін айтады.

Бұл мәліметті (шағын аудандағы сапасыз жөндеу деректерін – ред.) тексеру үшін Антикорға бердік. Антикор ішкі аудит департаментіне жіберген екен. Олар қоғамдық бірлестіктердің арызы бойынша жұмыс істемейміз, себебі олар мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің тараптары болып саналмайды депті. Сондай тартыс болып жатыр, дейді республикалық бірлестіктің Алматы қаласы филиалының басшысы Бауыржан Мақұлбаев.

Оның сөзінше, Алматының жолдарына қатысты дәл осы Думан шағын ауданындағы сияқты сапасы жоқ, жасалды деп жасалмай қалған 5 мәлімет бар. Әзірге осы жағдай бойынша Антикор қандай шешім қабылдайтынын күтіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама