Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облыстық мәдениет басқармасы 20 млн теңгеге сатып алынған төрт картина туралы түсіндірді

Қарағанды концерттік бірлестігі 4 картинаны «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің негізгі залын экспозициялық безендіру үшін сатып алған

 Айнұр Шошаева 12.02.2022 | 11:26
Қарағанды облыстық мәдениет басқармасы 20 млн теңгеге сатып алынған төрт картина туралы түсіндірді
коллаж: Halyq Uni

Қарағанды қаласындағы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік көрмеге 19 500 000 теңгеге 4 картина сатып алған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бірлестіктің мемлекет қаржысын картинаға жұмасағанын «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жазды. 

«Мемлекеттік сатып алу тарихындағы ең қымбат картиналар бюджет есебінен Қарағанды қаласында алынды. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік 19 500 000 теңгеге қазақстандық суретшінің төрт картинасын сатып алды. Шамасы, Christie's аукцион үйімен бәсекелеспейін деп 2021 жылдың қазан айында көрмені ұйымдастыру үшін барлығын бір көзден ЖК Түкібаевадан сатып алды», - деп жазды ол.

Сондай-ақ белсенді көрмені ұйымдастыруға жүргізілген тендерді аталған жеке кәсіпкердің ұтып алғанын жазды. Порталда көрмені ұйымдастыруға 51 711 500 теңге қарастырылғаны көрсетілген. Белгілі болғандай, көрме кезінде галограммалар жасау үшін 12 232 500 теңгеге 15 электронды стенд сатып алынған. Бұл сатып алуды да ЖК Түкібаева орындады. 

Белсенді аталған жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алу порталында концерттік бірлестіктен басқа ешкімге қызмет көрсетпегенін және тауарлар жеткізбегенін атап өтті.

«Міне, осылай 1996 жылы туған кәсіпкер 2 айда 83 000 000 теңгеден астам сомаға сәтті қызмет көрсетті. Ал сіздер жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жағдай жасалмаған дейсіздер», - деп түйіндеді жазбасын Дидар Смағұлов.

Қарағанды облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі аталған қымбат картинаның не үшін алынғанына түсініктеме берді. 

«Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің негізгі залын экспозициялық безендіру үшін 4 картина сатып алды. Олар баға ұсыныстары әдісімен сатып алынды, бұл суреттер мөлшері, сапасы және тақырыбы бойынша сәйкес келді», - делінген басқарманың баспасөз қызметі берген жауапта.

Еске сала кетейік, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің ашылуы 2021 жылғы 20 қазанда өткен болатын. Кешеннің ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Бұған қоса, басқарма көрмеге алынған электронды голограммаларға қатысты түсіндірді. Электрондық голограммаларда экспонат үш тілде мөлдір әйнекте пайда болатын техникалық сипаттамалары бар 3D форматында визуализацияланған. Белгілі болғандай, аталмыш стендтер жылжымалы құрылымға ие.

Бүгінгі таңда өңіріміздің барлық тұрғындары мен қонақтары тарихи тақырыпқа жазылған картиналар мен орнатылған электронды голограммаларды «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне келіп, көре алады, - делінген басқарма жауабында.

Сонымен бірге, концерттік бірлестіктің тендерді жеңіп алған компанияға қатысын жоққа шығарды.

«Тендерді жеңіп алған компанияның концерттік бірлестікке еш қатысы жоқ. Картиналарға тапсырыс беру баға ұсыныстарының әдісімен жүзеге асырылып, оған 3 жеткізуші қатысты. Олардың ішінен ең төменгі баға ұсынған біреуі таңдалды. Бұл жеткізушінің көркем туындыларды (картиналарды) жасауға авторлық құқығы болды», - деді мекемедегілер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама