×

Зейнетақы қоры Ресейге инвестиция салып 10 млрд теңге жоғалтты

БЖЗҚ-ның сатып алған Ресей мемлекеттік бағалы қағаздары арзандап кетті

 Бауыржан Мұқанов 05.09.2022 | 17:49
Коллаж: Halyq Uni

2022 жылдың 1 тамыздағы мәлімет бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері 13 трлн 656 млрд теңгені құрайды.

Аталған қаражаттың 44%-ға жуығы, яғни 6 трлн теңге Қазақстан Республиксы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Мемлекеттік бағалы қағаздардың жылдық табыстылығы теңгемен 11,4%, доллармен 3,4%.

Одан кейін квазимемлекеттік компанияларға 1,7 трлн теңге салынған. Бұл БЖЗҚ жалпы портфелінің 12,5%-ы. Квазимемлекеттік компаниялардың құнды қағаздарының табыстылығы теңгемен 10,9%, доллармен 5,5%.

Соның ішінде «Бәйтерек» холдингіне 711 млрд теңге, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-на 240 млрд теңге, «Қазақстан Даму банкі» АҚ-на 225 млрд теңге, «Қазақстан тұрақтылық қоры» АҚ-на 144 млрд теңге инвестицияланған.

Бұдан бөлек «Баян Сұлу» АҚ, «АБДИ» АҚ, «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» ЖШС секілді жеке компаниялардың құнды қағаздары сатып алынған.

Ал қазақстандық банктерге шамамен 936 млрд теңге салынған, жалпы портфельдің 6,85%-ы.

Атап айтқанда, 320 млрд теңгеге Халық банкінің акциялары мен облигациялары, 179 млрд теңгеге Kaspi Bank облигациялары, 143 млрд теңгеге Jusan Bank облигациялары және басқа да банктің құнды қағаздары алынған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк те Ресейге салған инвестициясын қайтара алмай қалғаныны хабарланған еді. 

Сонымен қатар, 1 трлн 863 млрд теңгеге өзге мемлекеттердің де мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынған. Атап айтқанда:

1 трлн 290 млрд теңгеге – АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздары;

140 млрд теңгеге – Мексика мемлекеттік бағалы қағаздары;  

99,5 млрд теңгеге – Колумбия Республикасы мемлекеттік бағалы қағаздары;

73,2 млрд теңгеге – Индонезия мемлекеттік бағалы қағаздары;

67,6 млрд теңгеге – Катар Үкіметі мемлекеттік бағалы қағаздары;

62 млрд теңгеге – Сауд Арабиясы мемлекеттік бағалы қағаздары;

23,9 млрд теңгеге – Кувейт Үкіметі мемлекеттік бағалы қағаздары,

18,8 млрд теңгеге – Ресей Федерациясы мемлекеттік бағалы қағаздары сатып алынған.

Соның ішінде АҚШ бағалы қағаздарына салынған қаражат 70 млрд теңгеге ұлғайса, Мексика бағалы қағаздары керісінше 4 млрд теңгеге азайған, Колумбия мемлекеттік бағалы қағаздары тіпті 15 млрд теңгеге құлдыраған. Сонымен қатар, Индонезия бағалы қағаздары 5,5 млрд теңгеге, Катар бағалы қағаздары 1 млрд теңгеге, Сауд Арабиясы бағалы қағаздары 3 млрд теңгеге арзандады. Кувейт үкіметінің бағалы қағаздары шамамен 600 млн теңгедей қымбаттады.

Ал Ресей Федерациясы бағалы қағаздарына салынған 18,8 млрд теңге жыл басынан бері айтарлықтай құлдырап, қазір бар болғаны 9,1 млрд теңге ғана болған.

Бұдан бөлек БЖЗҚ инвестициялық портфелінің тағы 1 трлн теңгеден астамы қазақстандық және шетелдік банктерге депозитке салынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама