Ауыл мұғалімдері қалалық әріптестерінен көбірек жалақы алады – Аймағамбетов

Еркеғали Болатұлы

Сондай-ақ ол сынып оқушылары арасында бір пәнді бөліп оқытуға қатысты пікір білдірді

фото: ашық дереккөз

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ауыл мұғалімдерінің қалалық әріптестеріне қарағанда көбірек жалақы алатынын айтты.

Барлық ауылдық жерлерде жұмыс істейтін әріптестеріміздің жалақысына қалалық мектепте жұмыс істейтін әріптестерімізбен салыстырғанда қосымша ай сайын 25 пайыз қосылып отырады. Яғни, қалада бір ставкамен жұмыс істейтін мұғалімге қарағанда, ауылда бір ставкамен жұмыс істейтін мұғалім көбірек алады, – деді министр.

Сондай-ақ ол сынып оқушылары арасында бір пәнді бөліп оқытуға қатысты пікір білдірді.

«Ауылдағы шағын, жинақы мектептерде балалардың саны аз болғандықтан бірнеше сынып бірге оқытылады. Тіпті ондай сыныптарда 16 бала болған күннің өзінде, біз екі сыныпқа бөліп оқытуға мүмкіндік беріп отырмыз. Сондай-ақ бір пәнді 10 немесе 15 балаға бөліп оқытайық деген мәселе айтылады. Барлық пәнді бөліп оқытудың өзіндік жөні болуы керек. Екіншіден, бір пәнді бөліп оқыту үшін қосымша тағы бір кабинет керек болады. Оның арнайы әдістемесі, арнайы қаражаты бар. Сол себепті, бұл мәселені кешенді қарауымыз керек», – деді Асхат Аймағамбетов.