Елімізде ұсақ жол апаты кезінде сақтандыру төлемін алу тәртібі жеңілдемек
Автосақтандыру саласына өзгерістер енгізіледі
Мәжіліс депутаттары Сақтандыру нарығын дамыту жөніндегі заң жобасын қарау барысында Еурохаттама қағидаты бойынша ұсақ жол апаты кезінде сақтандыру төлемін алу тәртібін жеңілдету туралы мәселені көтерді. Мәжілісмендер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстанда Еурохаттаманы енгізу үшін қажетті заңнамалық нормаларды дайындау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қазір көптеген жеңіл-желпі жол апаты болады. Яғни, адам мен мүлікке зиян келмейді. Сақтандыру төлемін алу үшін жол апаты қатысушылары жол полициясы қызметкерлерінің келуін күтеді, хаттамалар толтырады және сот шешімін күтеді. Көбінесе бұл процесс екі айға жуық уақытты алады. Ал жаңа рәсім жол апатын ресімдеу және зардап шеккен адамдардың сақтандыру төлемін алу мерзімін айтарлықтай қысқартады, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Жол апатын ресімдеу оның қатысушылары қандай сақтандыру компаниясында сақтандырылғанына қарамастан Бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы жүзеге асады. Еурохаттаманы енгізу сақтандыру төлемдерін алу рәсімін жеңілдетуге, бірыңғай мобильдік қосымшаны пайдалана отырып, бүкіл процесті цифрландыруды қамтамасыз етуге, жол апатын ресімдеу кезінде жолдарда кептелістердің пайда болу санын азайтуға мүмкіндік береді.
ЕУРОХАТТАМА МЫНАДАЙ ШАРТТАРДА ҚОЛДАНЫЛУЫ МҮМКІН:
- Жол апаты екі көліктің соқтығысуы салдарынан орын алғанда;
- Жол апаты салдарынан оның қатысушыларының көліктеріне ғана зиян келгенде (өмірі мен денсаулығына зиян келген жәбірленушілер болмағанда, үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпегенде);
- Жол апаты қатысушыларында сақтандыру полисі болғанда;
- Жол апаты қатысушыларында оған кінәліні анықтау мәселесінде келіспеушілік болмағанда;
- Жол апатын ресімдеу сот шешімінсіз және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуынсыз жүзеге асқанда;
- Сақтандыру төлемі бір сақтандыру жағдайы бойынша 100 АЕК шегінде жүзеге асқанда Еурохаттаманы қолдану болжанады.
Халықаралық тәжірибеде сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі, яғни Еурохаттама кең тараған. Қазір Еурохаттама Еуропаның көптеген елінде және ТМД-ның Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Өзбекстан сияқты бірқатар елінде ұсынылған. Еурохаттамаға сәйкес, жол апаты туралы құжаттар жеңілдетілген түрде ресімделеді. Ондай ресімдеу жол полициясы қызметкерлері қатыспай және сот шешімі шығарылмай жүзеге асады.