2023-2025 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіледі
Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімін ұзарту шарасы жұмыс істемейтін ата-аналарды да қамтитынын айтты.
Мемлекет басшысының бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемін 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзарту туралы тапсырмасы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты болады. Бұл құқықты жарты миллионға жуық ата-ана пайдаланады. Бұл ретте жұмыс істейтін аналар әлеуметтік төлемді мемлекеттік сақтандыру қорынан еңбекақысының 40 пайызы мөлшерінде, нәресте 1,5 жасқа жеткенше алады, - деді министр.
Ал жұмыс істемейтін бала күтіміндегі аналар мемлекеттік бюджеттен заңнама белгілеген жәрдемақы мөлшерінде алады. Сондықтан қажетті қосымша қаражат есебі республикалық бюджет комиссиясының мақұлдауынан кейін жүргізіледі.
Әлеуметтік кодекс жобасына және 2023-2025 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасына тиісті өзгерістер енгізілмек.