Бұл 2019-2022 жылдар аралығындағы жұмысқа жасалған мемлекеттік аудит белгілеген нақты тәртіп бұзушылықтардың сомасы
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қостанай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы салаға бөлінген 15 млрд теңгені мақсатсыз жұмсағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың мәліметінше, аталған фактіні мемлекеттік аудит басқарманың 2019-2022 жылдары жұмсаған қаржысына тексеріс жүргізу кезінде анықтаған.
«Қостанай облысының спорт саласына жауапты шенеуніктері 15 128 172 000 теңгені қайда жібердіңіздер? Бұл әзіл емес, біздің өтінішіміз бойынша Қостанай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының 2019 жылғы қаңтардан бастап, 2022 жылғы маусым аралығындағы кезеңде жүргізілген мемлекеттік аудит белгілеген нақты бұзушылықтардың сомасы. Қазір облыс әкімі бұл бұзушылықты жасырғысы келеді. Басшылық аудиторларға қысым жасап жатыр, нәтижесінде олар денсаулығы бойынша демалыс алып, тексерулерін тоқтатуға мәжбүр», – деп жазды Смағұлов.
Бұған қоса, «Әділдік жолы» РМҚ басшысы анықталған нақты бұзушылықтарға тоқталды. Оның сөзінше, «Тобыл» баскетбол клубында шартта көзделмеген шығындар үшін 321 161 000 теңге сомасына негізсіз төлем анықталған. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен спортшылар 2019 жылдан бастап 349 992 000 теңге сомасына дейінгі іс-сапарлар бойынша аванстық есептер ұсынбағанын айтады. Жаңа іс-сапарларға төлем жасаған кезде клубтың қарызы болған, бұл факті бухгалтерлік есеп ережелерін өрескел бұзу болып табылатынын еске салды.
Сонымен бірге белсенді 2020 жылы Қазақстан халқы төтенше жағдай – карантинде отырғанда облыстық спорт басқармасы «Тобыл» футбол клубы мен «Аят» кәсіпқой клубының (шайбалы хоккей және шағын футбол) халықаралық және республикалық жарыстарына дайындалу және қатысу үшін, яғни нақты көрсетілмеген қызметтер үшін 624 683 000 теңгені есептен шығарған.
«Ең сорақысы мекеме «Аят» КК ЖШС-нің ешқандай қызметті көрсеткенін растамастан, «Тобыл» ФК ЖШС 13 832 366 000 теңгені есептен шығарып тастаған. Қайталап айтайын, бұл жай ғана менің күдігім емес, біздің мәлімдемелеріміз бойынша мемлекеттік аудит анықтаған фактілер. Антикордың Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ресми растауысыз қылмыстық іс қозғауға құқығы жоқ, сондықтан қазір оларға жан-жақтан қысым жасалып жатыр», – деді «Әділдік жолы» РМҚ атқарушы директоры.
Белсенді Қостанай облысының әкімі Мұхамбетовке Жаңа Қазақстанда аталған бұзушылықтар бойынша жауап беруге тура келетінін еске салды.