Қала әкімінің орынбасары бұл жағдайды үлестік жағдай деп есептемейді
Талдықорғанда бір топ үлескер 4 жыл бойы үйін даулап, талай мекеменің табылдырығын тоздырған. Олар «СурМАК» компаниясының құрғақ уәдесінен шаршағанын айтып, журналистерден көмек сұрады. Бар тапқан-таянғандарын серіктестікке құйып, енді алған несиесін қайтара алмай қиналып жүр екен. Оның үстіне баспаналы боламыз деген үмітпен әлі күнге пәтер жалдап тұрып жатыр.
Үлескерлер жанайқайын айтып, құқық қорғау органдарына да арыз түсірген екен. Бірақ, ешқандай қылмыстық құрам анықталмағанын алға тартқан полиция да, прокуратура да мәселені тек азаматтық-құқықтық қатынастар негізінде шешу керек деп кеңес беріпті. Сол негізбен жапа шеккендердің алды сотқа да жүгінген. Алайда, одан шығар еш нәтиже байқалмайды.
«Келісім-шарт бойынша, үй 2020 жылы бітеді деген. Бірақ, үйдің құрылысы біз ақша салған кезде қалай болды, әлі солай тұр. Бірінші қабаттан әрі аспаған. Өзгеріс жоқ. Ертең, арғы күні басталады деген құрғақ уәдемен жүргенімізге 3 жыл болды. Сотқа да бердім. Сотта бір емес, екі рет жеңіп шықтым. Бірақ, бір айдан кейін сот шешімін өзгертіп тастады. Өйткені, компанияның офисі Семей қаласында деп, енді істі Семейге жіберіп жатыр. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ», - дейді үлескер Дамир Бекбергенов.
Жалпы, «Сурмак» ЖШС қазіргі құрылыс нысанымен іргелес тұрған үйдің де тұрғындарын біршама әбігерге салған. Ақыры тұрғындар БАҚ өкілдерін шақырып, әрең дегенде қоныстанды. Оның үстіне, тапсырыс беруші әкімдік болып, құрылысы ұзаққа созылған еді. Ал, үлескерлер даулап жүрген 14 сотық жердегі бұл үйді компания жеке қаражат есебінен салуға тиіс-тін. Бірақ, қаржылық қиындыққа тап болып, барлық жұмыс тоқтап қалған екен.
«Біз экономикалық тығырыққа келіп тіреліп қалдық. Салық департаментімен соттастық. Оған қоса, шығыны көп нысандар болды. Енді, қазір компания заң негізінде оңалту шараларынан өтіп жатыр. Осы жылы үйдің құрылысын бітіруге амал жасап жатырмыз. Қолданысқа береміз», - дейді компанияның Талдықорғандағы өкілі Марат Тәнекеев.
Алайда, тұрғындар «үйді осы жылы пайдалануға береміз» деген компания өкілінің уәдесіне сенуден қалған. Сондықтан үлескерлер қалалық әкімдікке де барды. Алайда, жауапты азаматтар жиналыста болып, үлескерлер іздеген сұрағына жауап ала алмай қайтты.
Кейінірек қала әкімінің орынбасары Дәркен Нұржанов БАҚ өкілдеріне бұл мәселеден хабардар екенін айтып, бұл жағдайда сотқа жүгінуден басқа амал жоқтығын айтты.
«Сурмак» ЖШС халықтың үлестік қаражатын тарту үшін әкімдіктен рұқсат алмаған. Сондықтан, бұл жағдайды үлестік жағдай деп айтуға болмайды. Орысша айтқанда, бұл долевое участие емес. Бұл мәселенің шешімі тек сот жүзінде ғана іске асады. Сот қандай шешім қабылдайды, бәріміз соны орындаймыз», - деді.
Баспана мәселесімен талай есіктің табалдырығын тоздырған үлескерлер жергілікті әкімдіктен көмек болмасын ескеріп Президентке үндеу жолдады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Қашанғы жылап жүреміз, бізге көрсетіңіздер. Өз басым зейнеткермін. Үкіметтен берілетін тегін үйдің кезегін күтпей-ақ, жиған-терген ақшамызбен бір бөлмелі пәтер алайын деп, бар ақшамызды салдық. Енді, осы үйді соңына дейін бітіріп беруді сұраймыз. Өйткені, арада үш жыл өтті. Инфляция болды. Ақшамыз қайтқан күнде де, оған баспана ала алмаймыз», - дейді Рая Ағаділова.
Қазір үлескерлердің қолында тек ақша салғанын айғақтайтын түбіртек пен алдын ала сатып алу жөніндегі келісім-шарт бар. Келісім-шартта тұрғындар үйге 2020-жылы қоныстануы керек болған. Егер, тұрғын үй биыл салынып бітпесе, үлескерлер елордаға дейін баруға дайын отыр.