Қайрат Сатыбалдының анасының компаниясы биылдыққа 1,4 млрд теңгеге мемлекеттік тапсырыс алған
Светлана Назарбаевға тиесілі «Дәуір» полиграфиялық баспа кешені мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс алуды жалғастырып келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстандағы баспалар арасында монополиске айналған «Дәуір» баспасы қамаудағы Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаеваға тиесілі.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, баспа ақпаннан бері бір көзден сатып алу әдісі арқылы бірнеше тапсырыс алып келеді.
Мәселен, биыл ақпанда «Alatau Akparat» ЖШС-мен жалпы құны 12 млн теңгеден асатын екі келісімшарт жасасқан.
Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталды деген ақпарат БАҚ беттерінде тура бір айдан соң 13 наурыз күні жария болды. Ол «Қазақтелеком» АҚ қомақты қаржысын жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Тергеу 24 тамыз күні аяқталды.
Анасы Светлана Назарбаеваға тиесілі «Дәуір» баспасы Қайрат Сатыбалды тергеуде жатқан кезде де, яғни наурыздың 31-і күні құны 61 млн теңге болатын тағы бір тапсырыс алған.
Тапсырыс беруші – «Alatau Akparat» ЖШС. Дәл осы компаниямен 5 мамыр күні келісімшартты тағы жалғастырған. Бұл келісімшарт құны – 53 млн теңгеге жуық.
Техникалық сипаттамасында баспаның «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газеттерін басып шығару үшін газет қағазын жеткізуге және қоймадан Алматыда орналасқан баспаханаға жеткізу керек деп көрсетілген.
«Дәуір» баспасы маусым айында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен тағы бірнеше лоттың жеңімпазы атанған.
Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату бойынша қызмет көрсетуге жасалған үш келісімшарттың жалпы құны – 48 млн 810 мың теңге болады.
Техсипаттамасында көрсетілгендей, баспа барлығы 8 қаламгердің кітабын басып шығару және кітапханаларға тарату қызметін іске асырады.
Ал шілде айында баспа мен министрлік тағы бірнеше тапсырысты орындауға келісімшарт құрған. 4 келісімшарттың жалпы құны – 111 млн теңгеден асады.
Мұнда да қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату бойынша барлығы 33 қаламгердің кітабын басып шығарады.
Осылайша Қайрат Сатыбалдының өзі қамауда отырғанымен, отбасының жүріп-тұруына кететін шығынын мемлекеттік тапсырыстар арқылы өндіріп отырған.
Forbes журналы 2018 жылы Қайрат Сатыбалдыны Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына жатқызған. Журнал сол жылы оның байлығын 163 млн долларға бағалаған. Бүгінде тергеу барысында жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтері мен ақшасы мемлекетке қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айыпталушылардың басқа да заңсыз активтерін іздеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетелік, 2003 жылы құрылған «Дәуір Сервис» ЖШС-на да Светлана Назарбаева иелік етеді. Бұл компания да елдегі ең ірі газет – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС-дан жыл сайын тендер алып келеді.
Тараптар арасындағы соңғы келісімшарт биыл наурызда жасалды. Құны – 1 млрд 107 млн теңге. Келісімшарттың техникалық сипаттамасына қарағанда, «Дәуір Сервис» ЖШС бір жыл бойы Қазақстанның 12 қаласына газет қағазын жеткізіп беріп отыруға тиіс.
Halyq Uni есебінше, биылдың өзінде қаңтар-тамыз аралығында Светлана Назарбаеваға қарасты қос компания жалпы құны 1 392 810 000 теңгенің мемлекеттік тапсырысын алған.