×

«Бәйтерек» холдингі топ-менеджментке 684 млн теңге төледі

Холдинг әкімшілік шығындарға 65 млрд теңге жұмсады

 Бауыржан Мұқанов 24.08.2022 | 11:23
Коллаж: Halyq Uni

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 2021 жылғы қаржылық есебін жариялады.

2021 жылы холдингтің басқарма құрамында жеті адам болды. Атап айтқанда, басқарма төрағасы Айдар Арифханов, төрағаның бірінші орынбасары Қаныш Ізбастин, төраға орынбасарлары Әнуар Омарходжаев, Әділ Мұхамеджанов, басқарушы директорлар – басқарма мүшелері Ерсайын Хамитов, Тимур Жанке, Айгүл Жуанышбаева. Басқарманың бір мүшесі Рустам Қарағойшиннің өкілеттігі тоқтатылды. Осылайша, 2021 жылы «Бәйтерек» ҰБХ басқармасының құрамында барлығы сегіз адам жұмыс істеді.

Сонымен бірге, холдингтің 2021 жылға арналған жылдық есебінде хабарланғандай, тек төртеуі толық жыл бойы жұмыс істесе, үшеуі мамырдың аяғынан жылдың соңына дейін, біреуі жылдың басынан мамырға дейін қызмет еткен.

Ал директорлар кеңесінде он адам болды. Олардың үшеуі тәуелсіз директорлар сингапурлық Филип Йеох және Германия азаматтары Клаус Мангольд пен Томас Миров.

«Холдингтің директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі функцияларды орындауға байланысты сыйақы тек тәуелсіз директорларға – директорлар кеңесінің мүшелеріне төленді» делінген жылдық есепте.

Осылайша, басшылыққа жалақы мен сыйақы ретінде төленген 684 млн теңге холдингтің 11 топ-менеджеріне (сегіз басқарма мүшесі мен үш тәуелсіз директор) төленген деуге негіз бар.

Жылдық есепте көрсетілгендей, холдингтің табысы 753 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылдағыдан 63% жоғары.

Табыстың басым  бөлігі, шамамен 94%-ы, яғни 704 млрд теңге қаржыландырудан түскен табыс. Көрсеткіш былтырғыдан 64% көбейген.

Одан бөлек холдинг 22 млрд теңге комиссиялық табыс тапты.

Сонымен қатар, шетел валютасы бағамының өзгеруінің арқасында 8 млрд теңгеге жуық табыс тауып отыр.

Тағы 38 млрд теңгені сақтандыру сыйақылары есебінен тапқан.

Жұмсаған қаржысына келер болсақ, 2021 жылы холдинг шығыны 62 % көбейіп 610 млрд теңгені құрады.

Соның ішінде қаржыландыруға 410 млрд теңге, несие портфелі мен дебиторлық қарызды қамтамасыз етуге 74 млрд теңге, сақтандыру төлемдеріне 13 млрд теңге жұмсады.

Одан бөлек комиссяилық шығын 8 млрд теңге, қаржылық активтерін қамтамасыз ету үшін резерв қалыптастыруға да 8 млрд теңге жұмсалған.

Холдингтің былтыр әкімшілік шығыны 65 млрд теңге, өзге операциялық шығындары 32 млрд теңгені құраған.  

2021 жылы холдингтің таза пайдасы 111 млрд теңге болды. Былтыр көрсеткіш 73 млрд теңге болған еді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама