Алаяқтар халық атынан несие рәсімдеуге тырысып жатыр екен
«Қазақстан халқына» қоры қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платоформасы арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің көбейгенін мәлімдеді. Қордың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, алаяқтар қазақстандықтар атынан несие рәсімдеуге тырысып жатыр. Демалыс күндері «Атамекен» палатасының байланыс орталығына 250 адам шағымданса, дүйсенбі, 7 ақпанда бір күннің ішінде 186 шағым түсіпті.
Мәселен, Шымкент тұрғыны атаmekenim.kz сайтында көмекке өтініш беріп, барлық мәліметті толтырғаннан кейін экранда несиенің сәтті өңделгені туралы ақпарат пайда болған. Содан кейін оған одан әрі ақшалай несие рәсімдеу туралы ұсыныспен бейне қоңырау түскен. Дәл осындай оқиға Өскемен қаласында болды. Онда қала тұрғынына электронды үкіметтің жалған порталы атынан SMS хабарлама жіберіліп, одан кейін ақшалай көмек түрінде 1 166 000 теңге алу үшін SMS кодын атауды сұраған алаяқ телефон соққан, - дейді Әбділов.
Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры атынан телефон соққан алаяқтар 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы береміз деп халықты алдаған.
«Қор мессенджерлер арқылы бейне немесе аудио қоңыраулар жасамайды. Жалғыз байланыс құралы – qazaqstanhalqyna.kz сайты және atamekenim.kz қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасы. Біз азаматтарды қауесеттерге сенбеуге және алаяқ ұйымдардың арандатуына түспеуді сұраймыз. Тек ресми ақпаратқа сеніңіз», – деді қордың ресми өкілі.