Есепшотынан алынған, анасы қайтарған және өзінен алынған ақшаның барлығы мемлекет пайдасына тәркіленді
Биыл жыл басында алматылық жігіт Түркістан облысының Шардара және Төлеби ауданындағы 5 мектептің мұғалімдерінің айлығын интернет арқылы ұрлаған деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Күдікті осы аляқтық әрекетімен 76 мұғалімге 26 млн теңге көлемінде шығын келтіріпті. Бұрын өзі қаржы саласында жұмыс істеп, 1 С бухгалтерлік бағдарламасын жетік меңгерген ол қомақты соманы өз есепшотына аударып алған. Сосын оңай олжаны құмар ойынға жұмсаған.
Шардара аудандық прокуратурасының мәліметінше, күдіктіні тінту кезінде оның қалтасынан 1,5 млн теңге табылған. Сондай-ақ анасы полицияға 1 млн 300 мың теңгені тапсырған. Сол күні күдіктінің есепшоты бұғатталып, одан 7 млн 681 мың теңге тәркіленді.
«Есепшотынан алынған, анасы қайтарған және өзінен алынған ақшаның барлығы мемлекет пайдасына тәркіленді. Қазір күдікті Жетісай ауданы сотының үкімімен, Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған нақты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бас бостандығынан айыру жазасын түзеу мекемесінде өтеу белгіленді», - деді Шардара ауданының прокуроры Руслан Әбдірайымов.