Halyq Uni логотип
×

БҚО-да пара алды деген күдікке ілінген мемқызметкерге қатысты іс сотқа жолданды

Ол 40 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді

 Халық үні 22.08.2022 | 15:10
БҚО-да пара алды деген күдікке ілінген мемқызметкерге қатысты іс сотқа жолданды
фото © Нұрдәулет Әбікен

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері 40 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, аудит бөлімінің бас маманы салық төлеуден жалтару деректерін экономикалық тергеу департаментіне жолдамай, жасырып қалған. Оның осы әрекеті үшін кінәлі тараптан қомақты сыйақы алғаны анықталып отыр.

Облыстық прокуратура парақорлыққа қатысты тергеу амалдарын аяқтап, тиісті материалдарды сотқа жолдаған. Күдікті пара көлемінің 80 еселенген мөлшерінде айыппұл арқалауы немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Департаменттің бас маманына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен айыптау актісі жасалды.

«Қылмыстық процестің үш буынды моделін қолдану шеңберінде Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Аудит басқармасының аудит бөлімінің бас маманына ("А" азаматы) ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігі бойынша (яғни, пара алуға оқталу, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның аса ірі мөлшерде ақша түрінде пара алуы) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен айыптау актісі жасалды және қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды», - деп хабарланды облыстық прокуратурадан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама