Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне келісімшартқа қол қойған қызметкерді жауапқа тарту туралы хаттама жолданды
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті «МегаОйлОрал» ЖШС-ына Аи-92 маркалы бензин үшін 3 991 484 теңге аударған. Оның 415 184 теңгесі негізсіз артық төленген. Аталған деректі «Әділдік жолы» бірлестігінің Орал қаласындағы мамандары goszakup.gov.kz порталында сараптама жасау кезінде анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
2022 жылдың 26 қаңтарында аталған полиция департаменті басшысының орынбасары А.Сериков пен «МегаОйлОрал» ЖШС директор Н.Брманов 1 119 300 теңгеге №86 сатып алу келісімшартын жасасқан. Келісімшартқа сәйкес 5330 литр Аи-92 бензинінің әр литріне 210 теңге белгіленген.
Энергетика министрінің 2022 жылдың 6 қаңтары күнгі №2 бұйрығымен Аи-92 маркалы бензинінің шекті бағасы 182 теңге деп бекітілген болатын. Полиция департаменті келісімшартқа сай 28 қаңтар күні аталған сомманы толықтай аударғаны №065 талонда көрсетілген. Бұл келісімшарт арқылы 149 240 теңге негізсіз артық төленген.
Одан кейін жасалған 3 келісімшарт арқылы да 14 320 литр бензиннің ақшасы қол қойылған бойда аударылған. Онда 265 944 теңге негізсіз артық аударылады.
Қорыта айтқанда, БҚО полиция департаменті «МегаОйлОрал» ЖШС-на аударған 3 991 484 теңгенің 415 184 теңгесі негізсіз артық төленген.
7 ақпан күні «Әділдік жолы» республикалық бірлестігінің Орал қаласындағы өкілдері Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментіне Әкімшілік құқық бұзушылық жайлы заңның 171-бабы (Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін, тауарлық газды және сұйытылған мұнай газын өткізудің шекті бағаларын асыру) бойынша қызметті орындаушы «МегаОйлОрал» ЖШС-на шара қолдану туралы хабарлайды. Сондай-ақ Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне заңға қайшы келісімшартқа қол қойған қызметкерді жауапқа тарту, бағаны төмендету туралы нұсқау шығару жайлы хабарлама жолдады.
Заңды жете білмеу және шарттарға қол қойған лауазымды адамның өзінің функционалдық міндеттеріне адал қарамау салдарынан заңбұзушылықтар орын алады, - дейді республикалық «Әділдік жолы» бірлестігінің БҚО бойынша филиалының басшысы Бауыржан Ахметжан.
Нұрлыбек Рахманов, БҚО