Жәбірленушілерге келген шығынның жалпы көлемі 17 миллион теңгеден асты
Түркістан облысында 40-тан астам мұғалімнің есепшотынан ақша жымқырған алаяқ жігіт ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Шардара АПБ-ға Шардара қаласындағы бірнеше мектептің есепшотынан, яғни мұғалімдердің еңбекақыларынан аса ірі мөлшердегі қаржының негізсіз бөтен есепшотқа аударылғаны туралы ақпарат түсті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді, – дейді Түркістан облысының полиция департаменті.
Шардаралық полицейлер ақпарат алысымен бірден іске кірісіп, қылмысты ашу үшін ірі көлемдегі ақшаның қайда аударылғанын анықтаудан бастады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары тәулік ішінде күдікті есепшотты анықтап, оны бұғаттап үлгерді. Сонымен қатар есепшот иесінің кім екенін анықтады. Күні-түні үздіксіз атқарылған іс-шаралар барысында күдіктінің Алматыда жүргені айқындалды. Содан Шардара АПБ КПБ-нің жедел уәкілдері Алматыға іссапармен барып, алаяқты ұстап, жігітті полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, жігіт бұрын қаржы саласында жұмыс жасаған. Былтырғы қыркүйектек аталмыш жұмыс орнынан шығып, Алматыға кеткен. Біраз уақыт жұмыссыз қалған оған ақша қажет болып, оны «оңай жолмен» табуға кіріседі. Содан арам ойын іске асырып, 40-тан астам мұғалімнің айлығын өз шотына аударып алған.
Жәбірленушілерге келген шығынның жалпы көлемі 17 миллион теңгеден асты. Айғақты зат ретінде күдіктіден 1,5 миллион теңге тәркіленді.
Полиция бөліміне жеткізілген күдікті жігіт қамауға алынды. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап, тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.