«Жалақыны 100 мың теңгеге көтерсін». Маңғыстау мұнайшылары тағы бас көтерді (ВИДЕО)
Оларға прокуратура, еңбек инспекциясының өкілдері мен аудан әкімі барды
«Қарақұдықмұнай» ЖШС-нің қызметкерлері ереуілге шығып, үндеу жариялады. Олар жалақыны 100 мың теңгеге көтеруді талап етіп отыр деп хабарлады «Лада» порталы.
Жұмысшылар ереуілдің заңды екенін мәлімдеді. Басшылыққа бір апта бұрын ескертіп, өкілетті органдардың рұқсатын алған. Қазір кен орны мен вахта кентіндегі жатақхананың алдына жиналып тұр.
Біз компания басшылығынан жалақымызды 100 мың теңгеге көтеруді сұраймыз. Ереуілге наурызда шыққан едік. Сол кезде басшылық талабымызды орындауға уәде етті, бірақ сол күйі орындаған жоқ. Соңына дейін баруға дайынбыз, басшылықтың шешімін күтеміз, - деді кәсіпорын жұмысшылары.
Олар өндіріске кедергі келтірмегендіктен, бүгінде жұмыс штатты режимде жүріп жатыр.
«Кеше бізге прокуратура, еңбек инспекциясының өкілдері мен аудан әкімі келіп кетті. Жағдайды шешуге көмектесеміз деп уәде берді, бірақ әзірге нәтиже жоқ, басшылық байланысқа шықпай тұр», - дейді вахташылар.