Маңғыстауда тағы бір мекеме жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті
Бірақ компанияның қордаланған қарызы оған мүмкіндік бермей тұр
«МАЭК-Қазатомпром» мекемесі жұмысшыларының барлық талабын орындау мүмкін емес. Дегенмен еңбекақы екі есе емес, 30 пайызға өседі және одан бөлек сыйақы төлеп отыру қарастырылмақ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Inbusiness.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап .
3 ақпан күні «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС жұмысшылары айлықты 100 пайызға өсіру жөніндегі талаптарын айтқан болатын. Олардың мәлімдеуінше, жалақы 2018 жылдан бері өспеген. Қазір қолдарына алатын 140-160 мың теңге еңбекақы шайлықтарына да жетпейді. Ал еліміз бойынша қымбат аймақтардың бірі саналатын Маңғыстау облысында орташа айлық жалақы көлемі 275 мың теңге деп жарияланып жүр.
Осы мәселе бойынша жұмыс беруші және жұмысшылар тарапының әрқайсысынан жеті адам кірген Татуластыру комиссиясы құрылған еді. Дегенмен келісу комиссиясының өзі еңбекақыны екі есе өсіру жөнінде келісімге келе алмаған. Бірақ 2 ақпан күні қабылданған шешім өзгеріссіз қалмақ. Ол бойынша басшылық құрамнан басқа, жұмысшылар айлығы 30 пайызға өсіп, республикада тойланатын және кәсіби мереке кезінде бір кесімді ақы көлемінде сыйақы төленеді.
Өңірдегі өндіріс аймақтарын және тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтитын кәсіпорын басшылығы дәл қазір жалақыны 100 пайыз өсіруге еш мүмкіндік жоғын алға тартып отыр.
Түскен талаптар бойынша барлық шартты орындау мүмкін емес. Өйткені бүгін МАЭК-тің электр энергиясын, жылу энергиясын, ауыз суды, ыстық және техникалық суды (бұдан әрі-өнім) жеткізу бойынша көрсетілген қызметтер үшін шамамен 9,7 млрд теңге сомасына мерзімі өткен дебиторлық берешегі, шамамен 3,5 млрд теңге мөлшерінде кредиттер бойынша төлемдері бар. Өнімді жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер шығыны көп. Қызметкерлердің барлық талабын толық көлемде орындау біздің облыс тұрғындары үшін өнім жеткізу бойынша өндірілетін қызметтердің барлық түріне тарифтердің айтарлықтай өсуіне әкеледі, - дейді Татуластыру комиссиясының мүшелері.
Қазір «МАЭК-Казатомпром» ЖШС бас директоры Талғат Есентүгелов қызметкерлеріне мекеменің маңызды және стратегиялық нысан екенін ескертіп, ұстамдылық пен парасаттылыққа, еңбек заңнамасын сақтауға шақырып отыр. Ол бұл жөнінде компания сайтында арнайы үндеу жариялады. Онда «Қазір Татуластыру комиссиясының жұмыс аяқталуда. Осыған байланысты мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен Еңбек төрелегінде өтінішті қарауға көшеміз» деп жазылған.