Шаһар басшысы бұрынғы қала әкімдігінің жұмысын сынға алды
Талдықорған қаласында мұқтаж азаматтарға арналып салынған пәтерлерді кезектен тыс заңсыз иемденгендердің арасында мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де болған. Қазір қалада заңсыз бөлінген баспананы қайтару бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Пәтер кезегіне 2004-2005 жылдан бері тұрған кісілер бар. Бірақ солардың кезегіне қарамай орта жолдан алып кеткендер бар. Жасыратыны жоқ, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері бар. Заңсыз берілген пәтерлерді қайтару ісін көктемде бастадық. Қазір заңды жолға түсіру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Біз басында мұншалықты кең ауқымда екенін білмедік. Қазір масштабын көріп отырмыз», - деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев 4vlastinfo.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында.
Қала басшысының айтуынша, комиссия қаладағы 1066 пәтердің тұрғын үй комиссиясының шешімінсіз үлестірілгенін анықтаған. Оның ішінде мемлекеттік сектор мен құқық қорғау органдарына 386 пәтер берілген.
«Бұлардың әрқайсысы бойынша тексеру жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік аз қамтылғандар санаты бойынша 680 пәтер бөлінген. Әрқайсының мекенжайы бар, оларды түгендейміз. Бұл жерде түрлі органдар немқұрайлы қараған. Алдымен Талдықорған қаласының әкімдігінен басталған. Инвентаризация жүргізілмеген. Өкінішке қарай архив толық емес, сол себепті құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Кейбір адамдар жұмыс барысымен басқа жаққа көшіп кеткен. Осы айдың соңына дейін бұл пәтерлердің бәрін түгендеп боламыз деп отырмыз», - деді ол.
Әкім пәтерлерді заңсыз алып, бүгінде жалға беріп отырған азаматтарға шара қолданылатынын атап өтті.
«30-дан астам пәтер жалға беріліп отыр. Ол пәтерлер көпбалалы аналарға берілген пәтерлердің ішінен шығып отыр. Мемлекеттік қызметкерлерге деп берілген 40-тан астам пәтер де жалға берілгені белгілі болды. Яғни, екі жақтың да - мемлекеттік блок пен әлеуметтік аз қамтылған блоктың жіберген кемшіліктері мен қателіктері бар», - деп қосты ол.
Әкімдіктің басқармалары мен құқық қорғау органдарының қызметкелері бір кездері алған баспанада қазір өздері тұрмайтыны анықталып жатыр.
«Комиссия құрамында әкімдіктің басқармалары, полиция департаменті, Антикор бар. Қазір олар бұрын өздерінде жұмыс істеген адамдардың бір кездері алған пәтерлерінде тұрмайтынын анықтап жатыр», - деді әкім.
Сонымен бірге қала басшысы заңсыз жеке меншікке өткізілген пәтерлерді қайтару жұмысы қыркүйек айында басталатынын мәлімдеді.
«Қазір тиісті құжатсыз беріліп кеткен пәтерлерді түгендеу жұмысы жүріп жатыр. Біз бұл жұмысты бастағанда мамыр айының соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлаған едік. Заңсыз берілген пәтерлердің саны күн сайын көбейіп жатқанын көріп, таңғалдық. Қазір анықталған 1066 пәтер - соңғы көрсеткіш емес. Меншікке өтіп кеткен және «Отбасы банк» арқылы қаржыландырылған үйлер бойынша тексеруге қыркүйек айының ортасында немесе соңында кірісеміз деп ойлаймын», - деді қала басшысы.
Бұған қоса Талқықорған әкімі заңсыз пәтер алғандардың ішінде облыстың бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың жүргізушісі барын айтты.
Ол адамның пәтері мемлекетке қайтарылды. Заңсыз алынған пәтерлерге қатысты құқықтық бағаны құқық қорғау органдары береді. Біздің міндетіміз баспанаға шын мұқтаж азаматтарды далада қалдырмау. Пәтер алғандардың ішінде БАҚ өкілдері де бар. Олардың қалай, қандай құжатпен алғанын көтеріп жатырмыз, - деп қорытындылады Әсет Масабаев.
Еске сала кетейік, қазір өңірде тұрғын үйге мұқтаж жандардың кезегінде 15 986 азамат тұр. Оның 6010 бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және 9 976 халықтың әлеуметтік осал топтары (көп балалы отбасылар – 1667, толық емес отбасылар – 3915, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар - 716, мүгедектер – 1 286, жетім балалар – 1310, басқалар – 1082). Соңғы 10 жылда жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрғандар арасында 3994 пәтер бөлінген, оның ішінде жеңілдетілген несиелеу бойынша 2204 пәтер, Талдықорған қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан 1790 пәтер үлестірілді.