Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар баяндалды. Атап айтқанда биылғы 7 айда 1400-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, жемқорлық фактісімен 900-ге жуық тұлға әшкереленді.
Президентке жемқорлық қылмыстарына жол бермеу жөніндегі профилактикалық және алдын алу шаралары туралы мәлімет берілді.
Олжас Бектеновтің айтуынша, аталған шаралар аясында көліктік бақылау, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті салаларындағы сыртқы талдаудың аяқталғанын хабарлады. Сыбайлас жемқорлық қауіптері мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырудың өнім көлемін жоспарлаудан бастап шарт міндеттемелерін орындауға дейінгі барлық сатысында кездеседі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Агенттік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлімшелерінің жұмысын бағалау тәсілдерін қайта қарады. Статистикалық көрсеткіштер үшін ғана жасалатын әрекеттер алынып тасталды.
Ведомствоның қызметінде бағдар ретінде сыбайлас жемқорлық қауіптерінің картасы айқындалып, оған процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын көкейкесті мәселелер енгізілді.
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын күшейту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.