Телефон алаяқтары қазақстандықтардан 7 айда 7 млрд теңге пайда көрген
Цифрлық даму министрлігі мәселенің шешімін тапқандаймыз деп отыр
Биыл телефон алаяқтары қоғамға 7 миллиард теңге көлемде залал келтіріп үлгерген. Құқық қорғау органдары сондай 12 мыңға жуық алаяқтық әрекетті әшкерелепті. Ұсталғандар да аз емес. Көп жағдайда олар азаматтарды жалған нөмір арқылы банк қызметкеріміз деп алдап соғады деп хабарлады КТК телеарнасы.
Цифрлық даму министрлігі мәселенің шешімін тапқандаймыз деп отыр. Жауапты ведомство енді ұялы телефон нөмірлерін биометриялық сәйкестендіруден өткізуді қолға алмақ.
Министрліктің түсіндіруінше, енді ұялы телефон нөмірін сатып алсаңыз, биометриялық сәйкестендіруден өтуге міндетті боласыз. Мысалы, оның бір амалы бет-жүзіңізді сканерлеу болуы әбден мүмкін. Осылайша телефон нөміріңізді жеке басыңызға таңып бермек. Қазір кейбір ұялы байланыс операторлары бұл жаңашылдықты бастап та кетіпті.
Бірақ кибершабуылға қарсы күресіп жүрген мамандар ұялы телефон нөмірлерін биометриялық сәйкестендірудің пайдасы шамалы деп отыр. Өйткені әлем елдерінің ешбірі мұндай әдісті қолданбайды, әрі бұған қажет құрылғылардың да бағасы қыруар ақша. Арнайы бағдарлама жасаудың өзі шығын.
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының жетекші маманы Анатолий Ремневтің айтуынша, алаяқтар қай жүйені болса да айналып өтудің амалын табады екен. «Сондықтан қорғаныстың ең мықты жолы – технологиялық сауатыңызды арттыру» деп кеңес беріп отыр ол.