×

«Жаңа Қазақстанды құруға кедергі»: Белгілі журналист Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұраған қоғам қайраткерлерін сынға алды

 Халық үні 07.08.2022 | 18:45
Фото: inform.kz

Белгілі қаламгер, журналист Қайнар Олжай қазір қамауда отырған бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрап, Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасына хат жазған бір топ белгілі ақын-жазушы мен зиялы қауым өкілдерін сынға алды

Ақсақал, апалардың (арасындағы Мәдина Сәдуақасованың бізге апа емесі аян, ғафу өтінеміз) Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрап жазған хатын оқыдық. Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасына мұндай хаттың жазылуы Президент Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құруына кедергі деп санаймыз. Өйткені, тәсіл тым ескі. Сот үкімі шыққанша іске араласу жөн емес-ау. Оның үстіне атақты адамдарға. Үкім шыққаннан кейін әділ ме, әділетсіз бе, соны айтуға болар еді.

Әрі ағалар мен апалар бүкіл ақиқатты айтты деп ойламаймыз. «Ол талантты жастарды сүйді, өнердің дамуын қалады, мәдениет көшінің алға жылжуын мақсат етті, тарихтың тынысы ашылып, болашақ еншісіне ұлы мұралар аманатын қалдыруды армандады» дейді хатқа қол қойғандар. Оның алдында «... ол қаншама жасты қолдап, қамқорлық көрсетіп, талантымен танылуына жол ашқанына куәміз» депті және, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қайнар Олжайдың айтуынша, Арыстанбек Мұхамедиұлы министр бола сала туысы Жадыра Нұрбайқызы Тойбаеваны «Қазақ энциклопедиясы» баспасына басшы еткен. Ал Тасқын Нұрбайұлы Тойбаевты Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дабыс жазбалар архиві директорына тағайындаған. Жас азамат қазақтың небір марғасқаларының құжаттары сақталған мекемені қалай басқарады деп таң қалдық сонда. Тек Мұхамедиұлы министр қызметінен босатылған соң мұнда әділет орнап, Жанай Омаров директор болды. Ол – белгілі жазушының баласы, кезінде әлгі марғасқалардың талайының алдына отырған, фотолары мен еңбектерін біледі. Оны әлеуметтік желідегі жазбаларынан да байқауға болады.

Энцклопедияға келсек, министр Мұхамедиұлының кезінде жеке ғимараты бар, құны 1 миллион 777 мың АҚШ долларына бағаланған «Қазақ энциклопедиясы» баспасы жекешеленіп кетті. Директоры-бас редакторы сол – Жадыра Нұрбайқызы Тойбаева. Қызметке келе сала: «Жеке меншікке айналу – нарықтық экономика талабында бәсекелестер ортасында кітап басу ісінде жаңа технологияларды енгізе отырып, баспа ісінің маркетингін қалыптастыруға, шынайы қабілетті танытудың мүмкіндігі. Жеке қызмет ету деген мемлекеттік қолдаудан мүлдем бас тарту емес. Бұл мемлекеттік тапсырысты алу, тендерге қатысу, ұтымды баға ұсына отырып, сапалы дүние жасап шығару» депті «Әдебиет порталында» 2017 жылы 15 қыркүйекте. Сөйлемінің өзі қисынбайтын адам энциклопедия баспасын қалай басқармақ деп сонда таң қалғанбыз. Дұрысы: «баспа ісінің маркетингін қалыптастырудың, шынайы қабілетті танытудың мүмкіндігі» болуы керек қой.

Жарайды. Үлкен кісілердің хаты шыққан 2022 жылы 6 тамыз күні сол маркетингі не тындырыпты деп «Қазақ энциклопедиясы» баспасының сайтын қарадық.

Сатуда «Сәтбаев» энциклопедиясы тұр. 2011 жылы шыққан. «Абылай хан» тұр. 2013 жылы шыққан. «Қазақ көтерілістері» энциклопедиясы сайтта тұрғанмен қашан шыққаны белгісіз, себебі ашсаңыз орнына әлгі «Сәтбаев» шығады. «Қазақстан ғалымдары» 2012-2013 жылдар. «Жамбыл» 2016 жыл, «Ахмет Байтұрсынұлы» 2017 жыл. Егер энциклопедияға дерек жинау мен оны жүйелеу бірнеше жылға созылатынын ескерсек, соңғы екеуіне дайындық шамасы, Жадыра Нұрбайқызына дейін басталған шығар.

Кітаптар деген бөлімінде «Алаш көсемсөзі» үш том болып тұр. Тіл. Жер. Дін. Бәрі 2014 жылы басылған. Оларға Жадыра Нұрбайқызының қатысы жоқ екені даусыз. «Жаңа ғасыр жырлайды» 2012 жылы шығыпты. Сатуға қойғанның бірі академик Серік Қирабаевтың «Өмір тағылымдары» екен. Шыққан уақыты – 2013 жыл.

Ал энциклопедияның «Жаңалықтар» бөлігіне көз салсақ, ең соңғы жаңалық 2018 жылғы сәуірде жазылған. Оның алдындағы бір оқиға 2017 жылғы 14 желтоқсанда өтіпті. Сайтта солай. Дәл мына қалпында жаңа технология да, шынайы қабілет те көзге шалынбайды.

Міне, жоғарыдағы үлкен кісілердің араша сұраған хатына ілінбей қалған осындай жәйттер бар. Хатқа «Арыстанбек министр кезінде туыстарын да қолдап, оларға жіліктің майлы басын ұстатып кеткен» деп қосса, шындыққа жақындар еді. Сот пен прокуратураға һәм бүкіл халыққа «...болашақ еншісіне ұлы мұралар аманатын қалдыруды армандады» дегеннен гөрі анағұрлым ұғынықты болар еді.

Кейінгі кезде істі болып жатқан адамдардың кейбірі өз меншіктерін мемлекетке өткізіп жатыр деседі. Бірқатар ақпаратты көзіміз шалған. Арыстанбекке жаны ашыса бұрынғы министрдің туыстары 2014 жылы 19 маусымда 1, 777 миллион долларға бағаланған «Қазақ энциклопедиясы» баспасын мемлекетке қайтармас па екен, -дейді журналист.

Біз бұған дейін мамыр айының соңында соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалғаны және Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы Ұлттық музейдегі ұрлыққа қатысты түсініктеме бергені туралы жазған болатынбыз.

22 шілдеде Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі үш айға ұзартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама