Аманжан Жамалов халықты қымбатшылықтан құтқару үшін бірнеше шара қабылдауды ұсынды
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Аманжан Жамалов елдегі инфляция деңгейінің тым жоғары екенін, сондықтан халықты қымбатшылықтан құтқару үшін бірнеше шара қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, ресми статистикада былтырғы инфляция – 8,4%. Ал нақты инфляция әлдеқайда жоғары. Қазақстан қымбаттайтын азық-түлік өнімдерінің импортына әлі де тәуелді бола бермек. Өйткені азық-түлік импорты 3 млрд доллардан асады. Демек, сонша көлемде инфляция келеді деген сөз. Сондықтан депутат халықты баға өсімінен қорғау үшін үш түрлі шара ұсынды.
«Мұндайда алдымен табысы төмен отбасыларға қиын болады. Статистикаға сәйкес, табысы әрбір мүшесіне шаққанда 25 мың теңгеден төмен отбасылар аз қамтылған отбасыларға жатады. Халықтың мұндай санаты үшін экономика тұрақтанғанға дейін уақытша қазақстандық азық-түлік өнімдерін сатып алуға болатын тегін азық-түлік карталарын енгізуді қарастыру қажет. Оларды енгізуді цифрлық әлеуметтік әмиянды енгізумен байланыстыруға болады», – дейді Жамалов.
Оның пікірінше, көп адам азық-түлік карталарына сын көзбен қарайды, оны «КСРО-ға оралу» дейді. Бірақ ондай карталар көп елде, оның ішінде АҚШ-та маңызды әлеуметтік қолдау құралы саналады. Ресейде де халықтың кедей топтары үшін азық-түлік талондарын енгізу пысықталып жатыр.