Әуе билетін кепілсіз несиеге алып жүргендер көп – заңгерлер дабыл қақты
Біздің адамдар үшін ұшақпен ұшу байлық болып есептелсе, Еуропа халқы әуе қатынасын қарапайым жол жүру деп есептейді
Заңгерлер қазақстандық жолаушыларды өз құқығы үшін күресуге шақырып отыр. Олар минут сайын қымбаттайтын әуе билетінің құнын басқаша реттеу мүмкін емес екеніне сенімді. Алайда әуе компаниялары бағаның былтырғымен салыстырғанда бірнеше пайызға арзандағанын алға тартып отыр.
КТК телеарнасының хабарлауынша, әуе билеттері қанша қымбаттағанмен, әуежайда жолаушы азайған емес. Адамдар уақыт үнемдеу үшін кассаға қалтасындағы соңғы тиынын санап беруге дайын. Бірақ заңгерлер мұндай құрбандыққа бара бермеу керек деген пікірде. Өйткені онсыз да айлықтан айлыққа өмір сүретін қазақстандықтар бір рет жол жүріп келсе, енді сапарға шықпайтындай болады. Тіпті қазір әуе билетін кепілсіз несиеге алып жүргендер де көп.
Біздің адамдар үшін неге ұшақпен ұшу байлық болып есептеледі? Мысалы, Еуропа халқы әуе қатынасын қарапайым жол жүру деп есептейді. Өйткені бізде табыс өте аз. Мысалы, орташа айлық – 150 мың, ал бір қаладан келесі қалаға бару – 100 мың теңге. Президент 50 мың теңге айлыққа өмір сүретін отбасылардың бар екенін айтты. Олардың бұл ақшаға билет сатып аламын деп ойламайтыны анық, - дейді заңгер Жангелді Сүлейманов.
Осы орайда заңгерлер бас шұлғи бермей, еліміздегі саусақпен санап аларлық әуе компанияларын сотқа беріп, үнемі шағымданып отыру керектігін ескертті. Алайда Air Astana сияқты алпауыт компаниялар шағымданушының емес, АҚШ ақшасының көңіл күйіне көп алаңдайды. Сөйтіп көк ақшаның бағамы өзгерсе, билет те соған ыңғайланады екен. Оның үстіне мұндағылар қазір бағаның арзандығына кәміл сенімді.
Air Astana-ның бағасы маусымаралық, жаздық демалыс, мереке күндеріне байланысты өзгеріп тұрады. Ол жолаушылардың қаншалықты алдын ала алғанына да байланысты. Ерте алса, арзанға түседі. Өткен қазан айынан бастап ішкі рейс бағасы 10 пайызға арзандады. Ал қараша айында жүксіз тариф қосылды. Оның бағасы өз құнынан 5 мың теңгеге арзан. Халықаралық бағыттарға баға сол қалпында қалды, - дейді Air Astana әуе компаниясының корпоратив коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірахимов.
Ал осының бәрін реттеуге тиіс Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тек мониторинг жасаумен шектеліп отыр. Қазір мұндағы жалғыз қызметкер әуе билеттерінің есебін жүргізіп жатыр екен. Жауабы тамыздың ортасында белгілі боп қалуы мүмкін.
Қазір еліміздегі Air Astana, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air әуе компанияларына мониторинг басталды. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Біз алдымен билет құны, жолаушылар қарқыны мен жылдық кірісін салыстырамыз. Егер компания мәліметтерді жасыратын болса, оларға әкімшілік айыппұл салынады. Қазір 2021 жылдың маусымы мен 2022 жылдың шілде айындағы билет бағасына мониторинг жасалып жатыр, - дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Көлік және байланыс департаменті басшысының міндетін атқарушы Рүстем Ғабдылжапаров.
Әуе компаниялары мен жауапты ведомстволар өзара түсініскенше, қаншама рейс ұшып, қаншаса кешіктіріліп үлгерді. Өткен бір айда жолаушылардан 130-ға жуық арыз түскен. Әзірге одан шыққан қорытынды біреу ғана – Air Astana еншілес компаниясы Fly Arystan үшін 3 миллион теңге айыппұл арқалады. Ал Алматы-Шымкент бағытындағы рейс 15 сағатқа кешігіп, жолаушыларын қонақүйге орналастырмай, әуежайда күттіріп қойған. Бірақ монополистер мұндай миллиондарды шыбын шаққан құрлы көрмейді.