×

Алматыда 423 миллион теңгені жымқырған шенеуніктер сотталды

Олар 7 жылға бас бостандығынан айырылды

 Динара Амантай 01.08.2022 | 16:17
Фото: avtoradio.kz

Алматыда мемлекеттік қызметкерлер Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының үкімімен Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бұрынғы басшысы А.Керімбек, оның қарамағындағылар К. Әбдіжаббарова, Д. Тазабек және «Молпродукт» ЖШС директоры Р. Сүлейменова бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, мемлекеттік қызметкерлер ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға бөлінген 423 миллион теңгені ұрлап кеткен.

Осыған байланысты А.Керімбек, К. Әбдіжаббарова, Д.Тазабекке мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұған қоса Р. Сүлейменоваға коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама