×

«Қазавтожол» басшысыз қалды

Тағы бір ұлттық компания бастығы орнын босатты

 Айнұр Шошаева 01.02.2022 | 12:30
фото: ашық дереккөзден

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының басшысы Асқар Мұратұлы қызметінен кетті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Бүгін менің «Қазавтожол» ұлттық компаниясындағы соңғы жұмыс күнім. Ең бастысы - осы уақыт аралығында жүзеге асқан барлық жоба әріптестерімнің жемісті еңбегі деп білемін», – деп жазды ол фейсбуктегі парағында. 

Компания басшысы республикалық маңызы бар 3 мың 600 шақырым жолда орта және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, оның 2 мың 200 шақырымында қозғалыс берілгенін және 324 шақырымы іске қосылғанын атап өтті. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы «Алтын Орда» базары маңындағы жол айырығында қозғалыс ашылды. «Қызылорда – Жезқазған» жолы құрылысының барлық рәсімі өткізіліп, келісімге қол қойылды. Бұл жоба биыл басталады деп жоспарланған. Сондай-ақ 20-дан астам жол бойындағы сервистік нысандар пайдалануға беріліп, әлемнің бірнеше жетекші банкімен ынтымақтастық келісім шарттарына, бірқатар отандық ірі компаниямен көпжақты меморандумдарға қол қойылды. 

Компания қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық кеңес пен арнайы, тұрақты комиссия құрылды. Комиссияның алдына қойған басты мақсаты - барлық тендер, сатып алулардың ашық түрде өткізілуіне қатаң бақылау орнату, кері байланысты жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін факторлады жою, заңға қайшы келетін іс-әрекеттердің алдын алу, – деді Асқар Мұратұлы. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ – жалпы ұзақтығы 24,4 мың шақырым республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы. Бұл елдегі барлық автомобиль жолдарының шамамен 20% құрайды. Оның ішінде ақылы жолдар бар. Қоғамда компанияның ақылы жолдардан түскен қаржысының есебіне қатысты жиі сын айтылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама