Жарты млрд теңгенің желге ұшқаны ма? Торғай ауылындағы ауызсу жүйесі әлі күнге істемей тұр
Торғай ауылындағы жағдайды «Әділдік жолы» РҚБ өкілдері көріп қайтты
Әңгіме Қостанай облысы Жангелді ауданының Торғай ауылындағы жағдай туралы. Жергілікті тұрғындар «Әділдік жолы» республикалық бірлестігіне бірнеше рет шағым айтқан соң, РҚБ өкілдері оқиға орнына барып, ондағы жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Бұл ауылда 2019 жылы орнатылған су тазарту қондырғысы әлі күнге істемей тұр.
Мәселе 2018 жылдың наурызынан басталған. Сол уақытта Торғай ауылының сумен қамту жүйесін қайта құру бойынша үшжылдық мемлекеттік байқау жарияланған. Жалпы құны – 435 318 387.64 теңге.
Ол байқауды алматылық «Асыл-Тау» ЖШС жеңіп алады. Ал келісімге отырғанда жалпы құны неге екені белгісіз, 440 млн теңгеден асып кеткен. Ол компания жұмысты орындау үшін тағы бір алматылық «Эйкос» ЖШС мен өскемендік «Силумин Восток» ЖШС-ны жалдайды.
Өскемендік фирма су мұнарасындағы сорғыларды автоматты түрде қосып-өшіретін электрлі шкаф орнатуға тиіс екен. Алайда әкеліп қойғанымен, іске қоспаған.
Мұның алдында Қостанай облысы мемлекеттік ішкі аудит департаменті де осы ауылды сумен қамту жоспарына қатысты тексеріс жүргізген екен. Сөйтіп, Жангелді ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің «Асыл тау» ЖШС-ға талапқа сай келмейтін жұмысы үшін 8 179 300 теңге төлегенін анықтаған. Оған 2018-2019 жылдардағы аудиторлық есеп дәлел.
Бұл мәселеде шикілік барын былтыр облыстық ревизиялық комиссия да дәлелдепті. Олар аудан бюджетінің тиімді жұмсалуын тексерген. Онда да сол «Асыл тау» ЖШС-ға орындалмаған жұмыс үшін 528,6 мың теңгені бекер төлегенін анықтап беріпті.
Осы тексерістерден кейін аудан әкімдігі «Асыл тау» компаниясының біраз кемшілікті түзегенін жеткізіпті. Яғни, су мұнарасындағы сорғыларды автоматты қосып-өшіретін электрлі шкафты ақыры талапқа сай етіп, іске қосқан. Оның өзінде автоматты емес, қолмен істейтін болыпты. Басқа да ұсақ жұмыстары орындалған.
Енді су мұнарасынан ауылға ауызсу жіберейін десе, тағы да ақау шығып тұр. Оны жөндемесе болмайды. Ал жөндеу үшін аудан әкімдігі биыл тағы 3 млн теңгеге жуық қаражат бөлмекші.
Қорыта келгенде, ауылға таза су береміз деген әкімдіктің жұмысы үшінші жыл қатарынан орындалмай келе жатыр. Оған кеткен бюджеттің 440 млн теңгеден астам қаражаты қайда жұмсалғаны белгісіз. Жауапты мемелкеттік қызметкерлер де заңға сай жазасын алмаған.