Өңірдегі жолдар тексерілді
Ақмола облысында жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін 39 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды.
Ақмола облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдарда жарақаттану мен өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Әкімшілік полицияның аумақтық құрылдары жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп, жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезеңінде жалпы қолданыстағы жолдарға, оның ішінде халықаралық маңызы бар жолдарға (8), республикалық маңызы бар жолдарға (46), жергілікті маңызы бар жолдарға (70) және көше-жол желісіне (227) тексеру жүргізді.
Облыс аумағы арқылы өтетін жолдарда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде жол ұйымдары жолдарды қар мен мұздан тазартуға тұрақты түрде мониторинг және бақылау жүргізеді.
Тексеру нәтижеcі бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға 351 ұйғарым берілді. ҚР ӘҚБтК 631-бабының 1-бөлігі бойынша 39 лауазымды тұлға, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың 13 лауазымды тұлғасы, «Қазақавтожол» компаниясының 8 кәсіпорын басшысы мен лауазымды тұлғасы, сондай-ақ басқа жол ұйымдарының 18 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапқа тартылды, – делінген ақпаратта.