Екі тұлға жауапкершілікке тартылды
ҚР президенті мемлекеттік басқару жүйесіндегі қоғамдық бақылаудың ерекше рөлін атап өткен болатын. Осы ретте «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған күннен бастап ел экономикасының тұрақты дамуына зор үлес қосып келеді. Азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуы, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстарды заңсыз өткізуге жол бермеу, сондай-ақ басқа да жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жұмыс істеп келеді.
«Әділдік жолы» РҚБ Нұр-Сұлтан қаласының филиалы goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізіп, оның барысында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу кезінде тапсырыс берушілердің өнім берушілерге қосымша құн салығын негізсіз төлеу фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, жүргізілген бір ғана мониторинг нәтижесінде тапсырыс берушілер (Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жоғары медициналық колледж» ШЖҚ МКК, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Нұр-Сұлтан» олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№ 64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасы» КММ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№15 Қалалық емхана» ШЖҚ МКК) тарапынан өнім берушілерге жалпы сомасы 1 624 354 теңге қосымша құн салығын негізсіз аударып, мемлекет бюджетіне шығын келген.
Мәселен, 2021 жылдың 29 қарашасында «Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің №15 қалалық емханасы» ШЖҚ МКК және «МИХАЙЛОВА А.Ф.» ЖК арасында жалпы 3 298 400,00 теңгеге, оның ішінде ҚҚС 353 400,00 теңге, тауарлар бойынша мемлекеттік сатып алу туралы №1 қосымша шарт жасалған.
Монитринг кезінде РҚБ филиалы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтына сәйкес «МИХАЙЛОВА А.Ф.» ЖК ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтындығы анықталды.
2022 жылдың 4 шілдесінде қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хат жолданып, мемлекет бюджетіне 353 400,00 теңге қайтарылды.
Қазір өнім берушілер көрсетілген сомадан 700 000 мың теңгені өз еркімен қайтарды. Басқа тапсырыс берушілер тарапынан өнім берушілерге заңсыз төленген ҚҚС қайтару туралы хаттар жіберілді. «Әділдік жолы» ҚҚС толық өндірілгенге дейін бақылайды.
Айта кетейік, аталған мемлекеттік сатып алулар 2021 жылы өткізілген. Егер «Әділдік жолы» РҚБ мониторинг жүргізбесе, онда негізсіз төленген ҚҚС өндіріп алынбас еді.
Сонымен қатар, ҚҚС-ты негізсіз төлеген 2 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 тұлғамен жеке еңбек шарты бұзылған.
Филиал ҚҚС негізсіз төлеу фактілерін анықтау мақсатында мониторинг жалғасуда. Бүгінгі күні 25 000 000 теңге мөлшерінде ҚҚС заңсыз төлеу фактісі анықталды. Дәлелді ақпарат алу үшін Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік кірістер департаментіне тиісті сұраныс жолданды.