×

«ӨКМ операторы» құжаттарын «Жасыл дамуға» әлі тапсырып үлгермеген

Компания қызметтің қайта іске қосылуын күтуді сұрайды

 Ербол Тұрымбет 28.01.2022 | 12:15
коллаж: Halyq Uni

Құзыретті органдар «ӨКМ операторы» ЖШС-не қатысты тексеру іс-шараларын жүргізуіне, сондай-ақ, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру бойынша функцияларды бұрынғы оператордан «Жасыл Даму» АҚ басқаруына беру процесінің аяқталмауына байланысты, мына қызметтер уақытша тоқтатылған: 

  • кәдеге жарату төлемдерін қабылдау;
  • ескі көліктерді, агротехникаларды қабылдау;
  • ескі техниканы кәдеге жаратуға тапсырғандарға өтемақы төлеу;
  • қалдықтарды жинаушыларды, тасымалдаушыларды және қайта өңдеушілерді субсидиялау.

Бұған дейін қаңтардың 24-інен бастап осы қызметтерді «Жасыл даму» АҚ жүргізе бастайтыны хабарланған еді.

Барлық ұйымдастырушылық және заңдық үдеріс аяқталып, серверлік бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысы толық қолжетімді болғаннан кейін «Жасыл Даму» АҚ барлық міндеттемесін толық орындайды. Жоғарыда аталған себептерге байланысты әзірге тиісті қызметтерді жүргізу мүмкін емес, – делінген компания хабарламасында.

Сондықтан қазіргі жағдайға түсіністікпен қарап, қызметтің қайта іске қосылуын күтуді сұрап отыр. Ал ақпараттық жүйелер жұмысының іске қосылғандығы қосымша хабарланбақ.

Бұған дейін Экология вице-министрі мен «ӨКМ операторы» басшысының екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.

11 қаңтарда Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында автокөліктер үшін төленетін утилизация алымының мөлшерін қайта қарауды тапсырған еді. Нақтыласақ, үкіметке утилалымды және «Оператор РОП-тың» сол утилалымды иелік етуін тоқтату бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

«Бұл жұмыспен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы қажет,» - деді Президент.

«ӨКМ операторы» ЖШС 2015 жылдың соңында үкімет қаулысымен құрылды. 2016 жылдан бүгінге дейін утилизация алымы түрінде компанияға 691,9 миллиард теңге түсті. Оның ішінде отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 миллиард теңге қайтарылса, экологиялық мәселелерді шешуге 102 миллиард теңге бөлінді. Ал 49,1 миллиард теңгесі салыққа төленді. Қазір екінші деңгейлі банктерде қалған қаржы – 220,6 миллиард теңге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама