×

Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі үш айға созылды

Музейде бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 млн теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған болатын

 Ербол Тұрымбет 22.07.2022 | 21:13
Фото: inform.kz

Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі үш айға созылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Георгий Моисеев мәлімдеді.

Яғни, тамыздың 26-сына дейін қоса алғанда қамауда болады. Судья қамауда ұстау мерзімінің үш айға созылуын тергеу материалдарының көптігімен байланыстырды. 

Айта кетсек, 28 мамырда «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында ҚР Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша 146 миллион теңге сомасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған болатын.

Кейін Антикор ақпаратты жаңартып, 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Олардың мәліметінше, Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төлеген. Сонымен қатар, жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нақты құны 83,4 млн теңгені құрағаны анықталды. Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Біз бұған дейін мамыр айының соңында соттың санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалғаны және Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы Ұлттық музейдегі ұрлыққа қатысты түсініктеме бергені туралы жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама