×

Үйді жалға алу құнының жартысын мемлекет төлейді: нені ескеру қажет

Бағдарлама 2022 жылы іске қосылды, бөлінген бюджет үш жылға жетеді деп жоспарланған

 Айгерім Таубай 21.07.2022 | 15:36
Коллаж: пәтер ақысы

2022 жылдың мамырында халықтың тұрмысы төмен топтары үшін пәтерді жалдау ақысының жартысын мемлекет төлейтін бағдарлама іске қосылды. Бағдарламаның операторы – «Отбасы банк». Бөлінген бюджет үш жылға жетеді деп жоспарланған. Демек, бұл мүмкіндікті қазақстандықтар 2025 жылға дейін пайдалана алады.

Halyq Uni материалынан бағдарлама туралы, оған кім қатыса алатынын, жалға алынған пәтер ақысы қалай төленетінін, бағдарламаға қатысу үшін өтінім беретін кезде қандай қателік жиі жіберілетінін оқыңыз.

Бағдарлама пәтер жалдап тұратын тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында іске асып жатыр. Қолдау бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Көмек алған отбасы қаражатты мемлекетке қайтармайды. Алайда мемлекет төлейтін қаржының ішіне коммуналдық төлем кірмейді.

«Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл бағдарлама ай сайын орта есеппен 120 мың теңгеге баспана жалдап тұратын 70 мың отбасыны қамтуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаға сәйкес, жалға алынған тұрғын үй бағасының 50%-ы бюджет қаражаты есебінен төленеді, 50%-ын төлем алушы өз есебінен төлейді.

Демек көмекке мұқтаж отбасы пәтерді 140 мың теңгеге жалға алса, онда 70 мың теңгені өз қаражатынан төлейді және 70 мың теңге бюджет қаражатынан өтеледі.

БАҒДАРЛАМА КІМГЕ АРНАЛҒАН?

Бағдарламаға Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде төрт санат бойынша тұрған азаматтар қатыса алады:

  • 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүмкіндігі шектеулі баласы бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы;
  • кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа иегері немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

БАҒДАРЛАМА ТАЛАПТАРЫ ҚАНДАЙ?

«Отбасы банк» АҚ мемлекеттік деректер базасы арқылы азаматтың тұрғын үйге мұқтаж есебінде тұрғынын және бағдарламаға қатысу үшін тиісті мәртебесінің бар-жоғын анықтайды.

Үміткерге қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. Отбасының немесе азаматтың кейінгі 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. Яғни, отбасының бір мүшесінің табысы айына 37 389 теңгеден аспауы шарт.

Мысалы, отбасыда ер адам айына 200 мың теңге жалақы алады. Төрт баласы бар көпбалалы отбасында жан басына шаққанда әр адамға 33 мың теңгеден келеді. Бұл отбасы төлем талап ете алады.

Отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу кезінде кейінгі 6 айдағы табысы ескеріледі және табыстың үш тобы қамтылады:

  • еңбекақы түріндегі табыс (жалақы, сыйлықақы, қосымша ақы, үстемақы). Оның мөлшері БЖЗҚ-ға жасалған аударым негізінде айқындалады;
  • зейнетақы төлемдері және әлеуметтік төлемдер түріндегі кірістер (мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек есептелмейді);
  • кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер салық декларациясы негізінде айқындалады.

ЖАЛҒА БЕРІЛЕТІН ҮЙДІҢ АУДАНЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Жалға берілетін тұрғын үйдің отбасыға қарай рұқсат етілген жалпы ауданы:

  • отбасыда 1-3 адам болса, 40 шаршы метрден аспауы қажет;
  • отбасыда 4-5 адам болса, 60 шаршы метрден аспауы қажет;
  • отбасыда 6 және одан көп адам болса, 80 шаршы метрден аспауы қажет.

Бұдан да үлкен аумақты жалға алса, жоғарыда көрсетілген жалпы ауданы құнының 50%-ы ғана төленеді.

Төлемдер көрсетілген жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы мен отбасы мүшесін ескеріп жүргізіледі.

Өтініш беруші (үміткер) жеке тұрғын үй қорынан жалға алып отырған баспананың 1 шаршы метрін жалдау ақысы АЕК-тің (1АЕК – 3 180 теңге) жылдық деңгейінің облыстар мен қалаларға белгіленген коэффициентіне байланысты есептеледі. Тұрғын үйді жалға алудың 1 шаршы метрінің құны АЕК мөлшеріне байланысты жыл сайын қайта есептеледі.

ЖАЛҒА АЛЫНҒАН ПӘТЕР АҚЫСЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ

Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы электронды өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдаланып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін аз уақыт ішінде тексереді. Артынша төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап береді. Құжаттарды қарау және тексеру уақыты – 10 жұмыс күні.

Үміткердің өтінімі мақұлданғаннан кейін оның мәртебесі «төлемді алушы» деп өзгереді. Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» АҚ платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. «Отбасы банк» АҚ төлемді бекіткен соң, пәтерді жалға берушінің келісімшартта көрсетілген шотына төлем аударады. Мұндай жағдайда жалға алушы жалға алу ақысының жартысын арнайы шотқа аударуы қажет. Төлем ай сайын қолма-қол аударымсыз жасалады.

Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде, жалға алушы «Отбасы банк» АҚ-ға жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жазады.

Ескеретін жайт, үйді жақын туыстары, бұрынғы жұбайы, ерлі-зайыптының жақын туысынан жалға алуға болмайды. Жақын туыстарға ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар), аталар, әжелер, немерелер жатады.

Айта кетейік, пәтер ақысының жартысын бюджеттен төленуіне өтініш берген отбасы жоғарыда аталған төрт санаттың ешқайсына жатпаса немесе отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс 37 389 теңгеден асып кетсе, төлем берілмейді.

ӨТІНІМ БЕРУ КЕЗІНДЕ ЕСКЕРІҢІЗ

Субсидия алуға өтінім электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сондықтан өтінім беретін азаматтар ЭЦҚ жұмыс істеп тұрғанын алдын ала тексеруі қажет. Тағы бір ескеретін жайт, өтінім берушінің міндетті түрде «Отбасы банк» АҚ-да шоты болуға тиіс.

Сондай-ақ отбасыда бір адам ғана емес, оның жары, кәмелетке толған балалары да электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы қажет. Барлығының баспанасы бар-жоғы тексеріледі.

«Отбасы банк» жүйеге тіркелетін азаматтың телефон нөміріне код жібереді. Азаматтардың мобильді базасындағы нөмір мен азамат қазір қолданып жүрген нөмір бір-біріне сәйкес келмейтін жағдай да кездеседі.

Сондай-ақ өтінім берушінің салық комитетінде қарызы болмауы қажет. Жеке куәлігінің жарамдылық мерзімін де тексергені жөн.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама