Атырауда мемлекетке 6 млн теңге зиян келтірген мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты
Ол бюджет қаражатын негізсіз жұмсады деп айыпталды
Атырау қалалық №2 соты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және «Қызметтік жалғандық жасау») айыпталған М.Бекмұхамбетов атындағы мектеп директорына қатысты үкім шығарды.
Сотта анықталғандай, мектеп директоры 2018 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың шілдесіне дейін табельдерді толтырып, бұйрықтар шығару арқылы оған жалған мәліметтер енгізіп, нәтижесінде 6 миллионнан астам бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардан алынған жауаптармен, сараптама және аудиторлық тексеру қорытындыларымен толық дәлелденді, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотқа дейін әйел мемлекетке келтірілген шығынды өтеп, негізгі сот талқылауы барысында прокурормен процессуалдық келісімге келген. Аталған жағдайды, сондай-ақ кәмелетке толмаған баласының болуын ескере отырып, оған мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырумен қатар 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.