Онлайн саудаға жарты жылда 2 мыңға жуық елордалық алданып қалған

Еркеғали Болатұлы

Ұлттық экономика министрлігі қылмыстың көбеюіне қарамастан, биыл 22 мыңға жуық интернет дүкен ашуды көздеп отыр

фото: pixabay.com

Елордада жарты жыл ішінде 1894 адам желі арқылы тауарға тапсырыс беріп, алданып қалған. Үйден шықпай, телефон арқылы тапсырыс беріп, тауарына жете алмай қалғандардың арасында қыз-келіншектер көп екен. Төлем жасау үшін әуелі банк картасының нөмерін сұраған алаяқтар кейін картадан ақша шешіп ала берген.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, қазір астанада алаяқтардың арбауына түскендер саны карантин басталғалы 4 есеге өскен. Жеңіл ақша жасайтындар негізінен 25-30 жас аралығындағылар екен. Егер қылмысы дәлелденсе, олар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

288 іс бойынша қылмыс ашылды. Жылдың басынан бастап 60 күдікті ұсталды. Оның ішінде 25 адамның бірнеше қылмысқа қатысы бары дәлелденді, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Рамазан Алтаев.

Онлайн тапсырыспен келген тауарын кері қайтарғысы келетіндер де жиі кездеседі. Бұл ретте заңгер Жанар Ержанова онлайн саудада сапасыз затқа ұрынып қалғандар өз құқықтарын қорғай алады деп отыр.

Егер кәсіпкер тауарды қайтарып алудан бас тартса, онда кез келген адам құқыққорғау органдарына жүгіне алады. Дәлел ретінде төлем жасалғаны туралы түбіртек болса жетеді. Кәсіпкер 15 күннен кешіктірмей ақшаны қайтаруы керек, - дейді ол.

Ұлттық экономика министрлігі қылмыстың көбеюіне қарамастан, биыл 22 мыңға жуық интернет дүкен ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ электронды сауда саласына байланысты 200 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.