×

Азық-түлік шығындары бойынша Камерун, Ангола сынды елдермен қатар тұрмыз – мәжілісмен

Жалақының төмендігі қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығынының ұлғаюына әкеліп отыр

 Ербол Тұрымбет 26.01.2022 | 13:30
коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайыловтың айтуынша, былтырғы 3-тоқсанда елімізде еңбекақы көлемі ЖІӨ-нің 31% құраған. Осы көрсеткіш соңғы 5 жылда сақталып келеді. Бұл тіпті 1990 жылдың өзінде ол 46,3% болған екен. Жалпы алғанда, Қазақстандағы жалақының ЖІӨ-дегі үлесі өзі тектес шикізатқа тәуелді елдерге қарағанда айтарлықтай төмен. 2020 жылы Ресейде – 46,2%, Канадада – 52,5%, Австралияда – 48,5%, Норвегияда – 51,1%, Чехияда – 46%, АҚШ-та – 55,4%. 

Депутаттың айтуынша, жалақының төмендігі қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығынының ұлғаюына әкеліп отыр. 

АҚШ-тың экономикалық зерттеулер қызметі мынадай деректерді жариялады. Отбасының бір мүшесіне шаққандағы азық-түлік шығындарының көлемі (48,7% немесе 2217 доллар) бойынша Қазақстан ең төменгі орындардың біріне, Камерун, Ангола сияқты елдермен қатар жайғасқан. Ал Ресейде бұл көрсеткіш - 28,5% немесе 1300 доллар. Канадада – 10,6% (2294 доллар), Австралияда – 10,8% (2722 доллар), Норвегияда – 11,7% (2 734 доллар), Чехияда – 16,6% (1630 доллар), ал АҚШ-та – 7,1% немесе 2596 доллар. Осыдан-ақ біздегі азық түлікке жұмсалатын қаражат көлемі Канада мен АҚШ көрсеткіштеріне тең екеніне көз жеткізуге болады, – дейді Ерлан Смайылов.

Оның сөзінше, бұл сандарды ұлттық статистика да көрсетіп отыр. Үй шаруашылығы ішінде азық-түлікке жұмсалатын шығын көлемі былтыр үшінші тоқсанда 56,6% құраған. Ал Ресейде ол 33,2% ғана. Оған тағы пәтер ақысы, су мен электр, газ, байланыс төлемдерін қосыңыз. Соған байланысты депутат Еңбек саласындағы жаңа ұлттық саясат пен еңбек құқықтары жөніндегі саяси институт құру керектігін айтады.

Сонымен бірге, жыл сайын инфляцияның нақты көрсеткішіне байланысты жалақы көлемін де индексациялауды сұрайды. Әрі мүгедектігі бар және зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтеріп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама