«Бағдарламаның пайдасы шамалы». Президент халықтың табысы артып жатқанына сенбейді

Дәурен Ерболат

Ол облыс әкімдері жаңа жұмыс орындарын ашуға мән беру керегін жеткізді

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру бағдарламасын сынға алып, оның нәтижесіне сенімсіздікпен қарады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өсіп жатқанын атап өтті.

«Былтыр бұл өсім 5% шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамырда азаматтардың нақты табысының көрсеткіші -2,9% болды»,- деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру бағдарламасына тоқталды.

Аталған бағдарлама қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ, - деді мемлекет басшысы.

Осыған байланысты президент облыс әкімдеріне ескерту жасады.

Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс, - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, осыған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақстандықтардың табысы өсіп жатқанын айтқан еді.