Алаяқтықтың бұл түрі бүгінде халықаралық деңгейге жеткен
Қысқа қамданған оралдықтар қапшықтап сатылар қант іздеп, сауда орталықтары мен базарларда сабылып жүр. Арзан қант іздегендердің осал тұсын алаяқтар да пайдаланып қалып әлек.
Қазір базарда жеміс-жидек пен көкөніс арзан. Бірақ түрлі қайнатпа жасап, қысқа қамдану үшін қант тапшы. Дүкенде адам басына 2-3 келіден ғана сатылатын қант банкі жабуға жетпейді.
Жақында 25 келілік қантты 16 мың теңгеге алып едім. Бүгін барсам, 200 теңгеге қымбаттап кеткен. Жылда 300 банкі жабатын едім. Биыл 100 банкі жабатын шығармын, - дейді «Астана» телеарнасына пікір берген Сара Үмбетьярқызы атты тұрғын.
Халықтың қант қанша қымбаттаса да сатып алуға әзір екенін алаяқтар жақсы біледі. Қазір ондайлар интернет арқылы түрлі хабарландыру беріп, аңқау елді алдап, табыс тауып жатқан көрінеді.
Полицейлер мұндай көлеңкелі істі әшкерелеу оңай емес дейді. Өйткені алаяқтықтың бұл түрі бүгінде халықаралық деңгейге жеткен. Яғни басқа елдегі пысықтар азаматтардың жеке куәлігін пайдаланып, интернет арқылы несие рәсімдей алады. Сондықтан арзан қантпен қуантамын дегендерге сенбеуді сұрайды.
Хабарландыру сайты арқылы 5 қапшық қант сатып алмақ болған оралдық бір азамат алданып қалды. Алданғанын ақшасын аударып жіберген соң бір-ақ білген. Келген шығын – 30 мың теңге. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - дейді БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Ілияс Мұқанов.
Полиция мәліметінше, 2017 жылы небары 26 интернет-алаяқтық тіркелсе, былтырдың өзінде бұл қылмыс 26 есеге көбейіпті. Бұған дейін елді банк қызметкерімін деп алдайтындардың қатарына енді «қант саудагерлері» қосылды.