×

Жаппай бүлік: Инкассаторлардың қауіпсіздігін мыңдаған полицей қамтамасыз етті

Осының арқасында халық қолма-қол ақшасыз қалған жоқ

 Халық үні 21.01.2022 | 14:29
фото: ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде 4,5 мың полицей HalykBank инкассаторларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қайғылы оқиға барысында интернет пен ұялы байланыс шектеліп, мобильді және электрондық төлемдерді жүзеге асыру мүмкін болмай қалғанда қарапайым азаматтар қолма-қол ақшамен үнемі қамтылды.

Өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерге қарамастан HalykBank инкассаторлары 3,5 мың банк бөлімшесіне, 6 мыңнан астам автожанармай құю бекетіне, 17,5 мың бизнеске шығуды жүзеге асырды. Халықты ақшамен, ЖЖМ-мен, азық-түлікпен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ететін 13 мыңға жуық банкоматқа ақша жүктеді.

Бүлік және тонау, жаппай тәртіпсіздік пен террористік акт жағдайында бұл маңызды міндеттер полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан және Қарулы Күштердің әскери қызметшілерімен бірлесіп іске асты. Олар ақша керуендерінің қарулы күзетін және режимдік аймақтарға өтуін, сондай-ақ блок-бекеттер арқылы жүріп-тұруын қамтамасыз етті.

Полиция органдары төтенше жағдай кезінде осы мақсаттарға мыңнан астам автоэкипаж бен 4,5 мың қарулы полиция жасағын бөлді. Инкассаторлардың, полицейлердің, Ұлттық ұланның үйлесімді жұмысының арқасында осы қиын-қыстау күндері еліміздің барлық бұрышында адамдардың ешқайсысы ақшасыз қалған жоқ.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама