×

37 млн теңге: Жиһаз шығаратын кәсіпорын Шәмшінің концертін өткізді

Кәсіпорын тіркелгелі бері салық төлемеген

 Ая Өміртай 05.07.2022 | 15:33
Коллаж: Halyq Uni

Шымкент қалалық мәдениет үйі 19 маусым – қала күні қарсаңында бірнеше кәсіпорынмен мемлекеттiк сатып алу туралы қомақты сомаға шарт жасасқан. Соның бірі – пандемия кезінде дауға іліккен жиһаз шығаратын кәсіпорын бұл жолы Шәмшінің концерт ұйымдастыруға атсалысты.

Осы орайда Halyq Uni тілшісі мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәдениет үйінің мерекелік іс-шараларын зерттеп көрді.

Мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілгендей, Шымкент қалалық мәдениет үйі «Quraq Group» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Құны – 37 млн 400 мың теңге. Тендер «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілімен өтіп, аталған кәсіпорын жеңімпаз деп танылған.

Қала күніне орай өткен «Шымкенттің шырайы – Шәмші» концертіне қала әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Б. Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Әкім «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын 10 азаматқа табыстады.

Шығармашылық кешке Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Нұрғали Нүсіпжанов, Медеу Арынбаев, Уралхан Сейілбекова, Нұржамал Үсенбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев сынды әншілер шақырылған.

Бұдан бұрын белгілі болғандай, «Quraq Group» компаниясы пандемия кезінде С.Майғазиев басқаратын қалалық мәдениет үйімен бірлесіп құны 40 млн теңге болатын айтыс ұйымдастырған болатын. Сол тұста «МузАрт» тобының солисі Сәкен Майғазиевтің өзі басқаратын мекеме атынан бюджет қаржысын жиһаз жасаумен айналысатын кәсіпорынға тапсыруы күмәнді көрінген.

Биыл кәсіпорын атқаратын қызмет түріне «демалыс және ойын-сауық ұйымдастыру бойынша басқа да қызмет түрлері» атауын қосыпты. Соған қарағанда жиһаз өндірісін қоя тұрып, біржола ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастыруға ден қойған сыңайлы.

Ашық дереккөздерге жүгінсек, аталған кәсіпорын 2020 жылы Шымкент қаласында ресми тіркелген. Басшысы – 28 жастағы Сағынтаев Бақдәулет Батырханұлы деген азамат. Статистика комитетінің сайтында бұл компания жиһаз жасаумен айналысатыны көрсетілген. Кәсіпорын тіркелгелі бері мемлекетке салық төлемеген.

Айта кетелік, 2021 жылы Шымкент әкімдігінің Наурызды мерекелеуге жарты миллиард теңге қаржы бөлуі туралы ақпарат тарап, қоғамда дау туғызған еді.

Артынша сол жылы маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қаланың мәдени-көпшілік іс-шараларын өткізу қызметіне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеп-тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады.

2021 жылы тамызда Шымкент қаласының мәдениет саласында бірқатар кадрлық өзгерістер болып, Майғазиев өз еркімен мәдениет үйінен кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама