×

«Жолдарды қайта-қайта жөндей беретін ниетім жоқ» – Алматы әкімі

Нормативтерге сәйкес, асфальтбетон төселгеннен кейін оның үстінен көлік 72 сағат бойы жүрмеуі тиіс

 Қанат Атаманов 04.07.2022 | 23:30
Фото: ашық дереккөздерден

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесу барысында қала жолдарын жөндеу жағдайы туралы айтып, Саин көшесінің жабынын не үшін жөндеу керектігін түсіндірді.

Саин көшесімен жүк көліктері көптеп жүреді. Көшеде қандай шұңқырлардың пайда болғанын көрдіңіздер бе? Сіздер бұл жақсы жол деп ойлайсыз ба? Автобустардың салмағы 35 тонна, сонымен қатар ауыр жүк көліктерінің салмағы барлық рұқсат етілген нормалардан асады. Өйткені көліктік бақылау комитеті оларды тәртіпке келтіре алмай отыр. Нормативтер бойынша жөндеу аралық мерзім 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Жолдардың нашарлығына қатысты шағымдардың болмауы үшін бекітілген нормативтерге қатаң сәйкестікте күтіп ұстап, жөндеуді уақтылы жүргізу қажет, – деді қала басшысы.

Ерболат Досаев Алматының көптеген жолдарын салу кезінде түрлі бұзушылықтарға жол берілгенін, бірақ алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайтынын айтты.

Нормативтерге сәйкес, асфальтбетон төселгеннен кейін оның үстінен көлік 72 сағат бойы жүрмеуі тиіс. Жолшылар бұл стандарттарды ешқашан сақтамайтындарын айтады. Түнде асфальт төсеп, адамдардың шағымдануына байланысты таңертең жолды ашады екен. Енді мен асфальт төсегеннен кейін ол жолда 72 сағат бойы ешкімді жүргізбеймін. Себебі, жолдарды қайта-қайта жөндей беретін ниетім жоқ. Біз айналма жолдарды ашып, маршруттарды саламыз, сонда адамдар бір-екі күн шыдағандары дұрыс. Бірақ жабынның ұзақ мерзімге жарамдылығын қамтамасыз ету керек, - деп есептейді әкім.

Қала басшысы жаңа технологияларды енгізу арқылы нашар жолдардың мәселесі шешілетінін сендірді.

«Мен жаман жолдар мәселесін шешемін. Менің мердігер алдында міндеттемелерім жоқ. Маған сапалы жолдар керек. Біз заманауи материалдар мен технологияларды қолдануымыз керек. Қазір полимерлі битумнан асфальт-бетон төсейтін үш пилоттық учаскені анықтадық. Мұндай жолдар кем дегенде 10 жылға шыдайды. Бәрі ойдағыдай болса, біз біртіндеп полимерлі битумға көшеміз. Иә, жолдың бір шақырымының құны 20%-ға өседі, бірақ жолшылардың да жұмысы азаяды», - деп мәлімдеді Ерболат Досаев.

Қала басшысы мердігер компания басшыларын асфальт төсеу кезінде ескі әдістерді ұмытып, заманауи құрылыс материалдарын қолдануға шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама