×

Үкімет бизнеске келген залалды өтеу механизмін бекітті

Өтеу сомасы мүліктік залалдың 3 түрі бойынша есептеледі

 Халық үні 20.01.2022 | 16:00
фото: ашық дереккөзден

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үкіметтік комиссияның отырысында 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келген мүліктік залалды өтеу механизмі бекітілгенін хабарлайды. Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан келген залалды жою мәселелері жөніндегі комиссияға премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық етеді.

Зардап шеккен кәсіпкерлер келген залалды өтеуге өтінімді барлық қажетті құжатты қоса, ЭЦҚ арқылы InfoKazakhstan.kz платформасында береді. Кешке дейін InfoKazakhstan.kz сайтында электрон өтінішті толтыру және қажетті құжаттарды жүктеу бойынша егжей-тегжей нұсқаулық жарияланады.

Механизмге сәйкес кәсіпкерлер зардап шеккен аймақтарда Өңірлік комиссиялар құрылады. Олардың құрамына әкімдік, мәслихат, өңірлік кәсіпкерлер палаталары және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды және мақұлдаған жағдайда, ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығады.

Қаржы Қазақстанның бюджеттік рәсімдеріне сәйкес, мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылады.

Өтеу сомасы мүліктік залалдың 3 түрі бойынша есептеледі:

  1. бүлінген жылжымайтын мүлік бойынша: Қазақстанның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес әзірленген, оны қалпына келтіруге арналған шығындардың сметасымен немесе калькуляциясымен расталатын, бүлінген жылжымайтын мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) арналған шығыстар есептеледі.
  2. бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және (немесе) тауар-материалдық құндылық бойынша: өтеуге берілетін сома әкімдік немесе қор айқындайтын бағалау және аудиторлық компаниялар дайындаған бағалау туралы есеп (акт) негізге алына отырып есептеледі.
  3. жоғалған (ұрланған) тауар-материалдық құндылық және жабдық бойынша: жоғалған (ұрланған) тауар-материалдық құндылықтар мен жабдықтарды өтеу сомасын есептеу кәсіпкерлік субъектінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы негізінде механизммен белгіленген коэффициентке көбейтіліп жүргізіледі.

Мүлікке бағалау немесе аудит жүргізуге, бүлінген мүлікті қалпына келтіруге сметалар жасауға және шығындарды калькуляциялауға байланысты қызметтерге ақы төлеу әкімдіктің немесе «Күшіміз бірлікте» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Бұл ретте, егер кәсіпкер өңірлік комиссия айқындайтын өтеу сомасымен келіспесе, онда ол Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, сот-бухгалтерлік, сот-тауартану немесе сот-құрылыс сараптамасы белгілейтін нақты келтірілген залал бойынша залал сомасын өтеуді талап етуге құқылы.

Бұл механизм 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

Атап өтсек, еліміздің 9 өңірінде зардап шеккен 1861 бизнес субъект анықталды. Олардың ішінде Алматыда 1602 субъект бар. Зардап шеккен бизнес субъект салалары: сауда – 1663; қаржы секторы – 88; қоғамдық тамақтану – 68; логистика – 36; БАҚ – 6.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама