Шымкентте кәсіпкер мүгедек балаларға бөлінген 3 млн теңгені жымқырған

Динара Амантай

Ол ойын алаңдары құрылысын орындау кезінде актіде жалған мәліметтер көрсеткен

Фото: Halyq Uni

Шымкентте ЖШС директоры мүгедек балаларға бөлінген 3 миллион теңгені ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚМА Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті "Қамқор" жедел-алдын алу іс-шаралары нәтижесінде ЖШС директорына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол 2019 жылы мүгедек балаларға арналған алаңдар құрылысының орындалған жұмыстар актілеріне жалған мәліметтер енгізу арқылы 3 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінді, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.