Премьер-министр «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Аталған құрылымды реформалаудың ұсынылып отырған жолдары туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары баяндады.
Үкімет басшысы қызметтің тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ жұртшылық тарапынан бақылауды күшейту мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-ны реформалаудың ұсынылған шараларын одан әрі пысықтауды тапсырды, – дейді үкіметтің баспасөз қызметі.
11 қаңтарда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының қызметін толығымен трансформациялау қажет екенін айтты. 17 қаңтарда «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне қатысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі жарияланды.
Президенттің ойынша, үкімет, ең алдымен, тым көп басқару құрылымдарын қысқартумен айналысуы керек. Сонымен қатар мемлекет пен халық мүддесіне бағытталған табыстарды арттыру үшін «Самұрық-Қазына» мен үкімет арасындағы өзара қатынастардың сипатын өзгерту қажет.
Сондай-ақ мемлекет экономикаға көп араласа бермеуі керек және осы тұрғыда «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру ісін жандандыру қажет.