Halyq Uni логотип
×

Назарбаеваға тиесілі ЖШС-мен келісімшартты «Қазақтелеком» бұзғанымен, ҚТЖ асықпай отыр

Агрегаторлық компаниялар үшін комиссия әрбір теміржол билетіне 46,65 теңгеге дейін өсті

 Еркеғали Болатұлы 30.06.2022 | 14:17
Назарбаеваға тиесілі ЖШС-мен келісімшартты «Қазақтелеком» бұзғанымен, ҚТЖ асықпай отыр
фото: reuters.com

«Қазақтелеком» АҚ Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі Instant Payments ЖШС-мен ынтымақтастығын тоқтатты. Компания бұл шешімнің абоненттерге әсер етпейтініне сенімді. Өйткені ұлттық компания банктермен, төлем және қаржылық қызметтерді жеткізушілермен жұмыс істеуді бастап кеткен. Келісімшартқа сәйкес абоненттерден комиссия алынбайды.

Келісім биыл 27 мамырдан бастап бұзылған. Ал Әлия Назарбаеваның компаниясымен келісімшартты ҚТЖ әлі бұзған жоқ. Оның үстіне 1 мамырдан бастап агрегаторлық компаниялар үшін комиссия әрбір теміржол билетіне 46,65 теңгеге дейін өсті.

Orda.kz редакциясының сұрауы бойынша ҚТЖ Instant Payments ЖШС мен агрегаторлық компаниялардың ынтымақтастығы акционерлік қоғамның бақылауында емес екенін хабарлады. Бірақ комиссияның көтерілуі дәл ҚТЖ-мен байланысты болып тұр.

Айта кетсек, Әлия Назарбаева Instant Payments ЖШС-ін дәл осы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ-ына делдалдық қызмет көрсету үшін құрған болатын. Ол компания қазір әлі де интернетте пойыз билеттерін сату жүйесіне қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр және ұлттық байланыс операторынан төлемдер қабылдайды.

Негізінде ҚТЖ мен Instant Payments ЖШС арасындағы келісімшарт 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін 9 жылға жасалған. Ақпан айының басында компаниялар жолаушылар пойыздарына электронды жол жүру құжаттарын беру мен сатуды ұйымдастыру бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу туралы шешім қабылдаған. Ал 8 сәуірде Instant Payments ЖШС-нің әлі де онлайн билеттерді сататын агрегаторлық компаниялар үшін комиссияны көтеретіні белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама