×

Өскеменде бухгалтер 4 млн теңгені қалтасына басты

Ол компанияның ақшасын ұрлады деген күдікке ілінді

 Дастан Жұмабекұлы 29.06.2022 | 13:44
фото: realnoevremya.ru

Өскеменде бухгалтер өзі жұмыс істеген компаниядан 4 млн теңгеден астам қаражат иемденіп алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство 2 маусым күні Өскемен қаласының полицейіне ЖШС-нің бір филиалының басшысынан арыз келіп түскенін хабарлады. Оның айтуынша, кәсіпорынның бұрынғы бухгалтері өзінің қызметін асыра пайдаланып, 4,3 миллион теңгені иемденген.

Жедел-іздестіру кезінде 31 жастағы әйел ұсталды. Ол кінәсін мойындамады. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

«Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментінің хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама