Қала халқының берешегі 250 миллион теңгеге жуықтаған
Солтүстік Қазақстан облысында уақытында салық төлемейтіндер саны көбейіп барады. Мәселен елімізде көлік салығын төлеу мерзімі бірінші сәуірде аяқталды. Дегенмен, петропавлдықтардың көлік бойынша берешегі 250 миллион теңгеге жуықтап қалған. Мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының мәліметінще, міндетті төлемді шаһарда бес мыңға жуық адам жасамаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Берешекті өндіріп алу үшін облыс орталығында арнайы рейд басталды. Оны ұйымдастыруға мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, сот орындаушылары және тәртіп сақшылары мұрындық болып отыр. Шара барысында олар қала көшелерінің бірінде Toyota автокөлігінің иесін тоқтатты. Көлік иесінің мемлекетке 344 мың теңге берешегі бары белгілі болды. Салықты уақытында төлемегендіктен, оның темір тұлпары айыппұл тұрағына қойылды.
«Жеке сот орындаушыларына көлік иесінің салықты төлемей жүргені туралы материал осыдан бір апта бұрын келді. Осы уақыт аралығында азаматқа ескерту де жасадық. Дегенмен, қала тұрғыны жалпыға ортақ міндетті сол күйі төлемеді. Сондықтан оны көшеден арнайы іздеуімізге тура келді. Енді жүргізушінің темір тұлпарын айып тұрағына қоямыз. Ал оны тек қарызын өтеген соң ғана алып кете алады. Осындай шара қолданбасақ, басқа амалымыз қалмады», - дейді сот орындаушысы Гүлнәр Күзембаева.
Ал көлік иесі ақшасы болмағандықтан салықты уақытында төлей алмағанын айтып ақталды. Ол он күн ішінде берешегін өтейтінін айтты.
Жалпы, бүгінде Петропавл қаласында міндетті төлем жасамаған бес мыңға жуық азамат бары анықталды. Олардың мемлекетке жалпы қарызы 243 миллион теңгені құраған.
«Рейд басталғанына 2-3 күн болып қалды. Қазір біз көбіне қарызы 30 мың теңгеден асатын көлік иелерін анықтап, жауапкершілікке тартып жатырмыз. Яғни, олардың автокөлігін айыппұл тұрағына жеткіземіз. Осылай жасауға мәжбүр болдық. Себебі басқа жолмен олардың қарызын өндіріп алу мүмкін болмай тұр», - дейді Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Айбек Жамбетов.
Жалпы берешек жөніндегі ақпаратты тұрғындар kgd.gov.kz порталы арқылы не болмаса E-Salyk Azamat мобильдік қосымшасы арқылы көре алады. Ал төлемді кез келген мобильдік банк арқылы жасауға болады.