×

«Қазақстан халқына» қорына аударған қаржыны кері қайтарып алуға болады

Қайырымдық үшін аударылған қаражат 7 банкте сақталады

 Халық үні 19.01.2022 | 13:20
Болат Жәмішев, қор басшысы

«Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы отандық 7 банкте сақталады. Бұл туралы қор басшысы Болат Жәмішев «Ошакбаев LIVE» телебағдарламасында жауап берді.

Айтуынша, қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. Қор ашылғаннан соң алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түскен,одан кейін Kaspi және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Ол үшін халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған отандық банктер таңдалып отыр.

Ал орта және шағын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасалады.

Қордың қамқоршылық кеңесіне қатысты да көп сұрақ туындап жатыр. Кеңес мүшелерін кім сайлады, неге халық талқысына салмады деген секілді. Қор Мемлекет басшысының бастамасымен құрылды. Әрине, қорға қаржы аударған қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға оның қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Жиналған қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысы Үкіметке де әлеуметтік жауапкершілік жүгі артылады. Сондықтан кеңес мүшелерін Үкімет бекітіп, бізге ұсынды. Өз басыма келсем, қор төрағасы ретінде қамқоршылық кеңес құрамында мен де бармын. Маған қор жұмысын ұйымдастыру, жүргізу міндеті жүткелген», - деді Болат Жәмішев.

Қор басшысы арнайы сайт әзірленіп, қайырымдылықтан түскен қаражаттың әр теңгесі және оның қайда жұмсалғаны туралы есеп берілетінін айтты. Ол есеп сайтқа жарияланады.

Қордың бюджетін қамқоршылық кеңес бекітеді. Егер қорға қаржы аударылып, кейін аударған адам белгілі себеппен ақшасын қайтарып алғысы келсе, қаржы иесіне қайтарылады.

Егер жеке тұлға немесе ұйым өз еркімен қайырымдылық жасаса, онда мәселе жоқ. Біз еркінен тыс қайырымдылық жасауға қарсымыз. Біреуден қинап ақша жиналмауын талап етеміз. Бұл - ақылға сыймайтын жайт. Жеке өз басым, қор басшысы ретінде де еріксіз қаржы жинауға қарсымын, - деп түсіндірді.

Еске салайық, Президент тапсырмасы аясында «Қазақстан халқына» қоры құрылып, оның төрағасы болып экс-министр Болат Жәмішев бекітілді. Қоғамдық қордың қамқоршылық кеңесі сайланып, оның құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары кірді.

Бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, меценаттар мен азаматтар «Қазақстан халқына» ҚҚ шотына мына деректемелердің бірі бойынша қаражат аудара алады:

  • «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ97601A871001692501 KZT, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ;
  • «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ52722S000011856768 KZT, Kaspi Bank АҚ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама