«Бәйтерек» холдингінде 99 млрд теңгеге жуық қаржы тиімсіз жұмсалған
Холдингтің еншілес ұйымдарының функциялары мен міндеттерінің қайталануы анықталды
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2020 жылдың наурызында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның квазимемлекеттік сектор активтерін пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында жалпы сомасы 98 961,2 млн теңгеге бюджет қаражатын және мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану түріндегі бұзушылықтар мен кемшіліктер, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерімен салыстырғанда холдингтің еншілес ұйымдарының функциялары мен міндеттерінің қайталануы анықталды.
Осыған байланысты Есеп комитеті Үкіметке бірқатар ұсыныс берді:
- Холдинг қызметінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік мүлік сияқты холдинг активтерін пәрменді басқаруды ұйымдастыру, бөлінетін бюджет қаражатын және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаражатын пайдалануды бақылау, оларды пайдалану бойынша шараларды әзірлеу және жүзеге асыру, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау;
- «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, Қаржы министрлігінің жанындағы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жанындағы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ еншілес ұйымдары функцияларының қайталануын болдырмау мақсатында жалпыұлттық жоспардың 29-тармағы бойынша талдауды ескере отырып, Холдинг компаниялары тобының трансформациясын жүргізудің орындылығы мәселесін қарау ұсынылды.
Одан бөлек, холдингтің еншілес ұйымдарының санын қысқарту мақсатында «QazTech Ventures» АҚ және «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС активтері жеке қорлар ретінде «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-на басқаруға берілді.
«Мемлекеттік мүлік тізілімі» сайты арқылы бағаны көтеру тәсілімен өткізілген электрондық сауда қорытындылары бойынша «ҚИҚ» АҚ акцияларының жүз пайызын жеке инвестор сатып алды.